Алматы мен Астана әуежайларында маймыл шешегіне қарсы сақтық шаралары басталды
Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық қызметі Астана және Алматы халықаралық әуежайларында маймыл шешегіне қарсы сақтық шараларын бастады.
Екі әуежайды аса қауіпті инфекция белгілері бар адамдарды анықтаудан бастап қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қоюға дайындық бойынша оқу-жаттығулар өткізілген.
«Оқу-жаттығу барысында шартты түрдегі маймыл шешегі ауруы тартылды. Персонал жолаушыдан ауру белгілерін анықтаудан бастап оны ауруханаға жатқызуға және қажетті эпидемияға қарсы және дезинфекциялық шараларды жүргізуге дейінгі іс-шаралардың толық циклінен өтті», – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Оқу-жаттығулар кезінде санитариялық-эпидемиологиялық, шекаралық, кедендік, сондай-ақ әуежай желілік полиция бөлімі, әуежайдың медициналық пункті, жедел медициналық көмек және медициналық ұйымдардың қызметі бағаланған.
Министрлік жаттығу кезінде барлық қызмет іс-қимыл дайындығын жоғары бағалаған.
Айта кетейік, Қазақстанның ғалымдары маймыл шешегіне қарсы вакцина шығаруға әзір. Денсаулық сақтау министрлігі, «Қазбиофарм» ұлттық холдингі және індеттерді зерттейтін бірнеше институт мәселе қозғап, қоздырушыларға қарсы ғылыми шешімдерді табуға әрекет етіп жатыр.
Маймыл шешек – Орталық және Батыс Африканың шалғай аудандарында жиі кездесетін сирек жұқпалы ауру. Оның белгілері – жүрек айнуы, бөртпе, қышу және бұлшықет ауруы.
Денсаулық сақтау саласының өкілдері бұрын тек Африка елдерінде ғана анықталып келген маймыл шешек ауруы енді төрткүл дүниеге тарап жатқанына алаңдап отыр.