Lifestyle

Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейстері қашан ашылады?

Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейстері 2026 жылы ашылады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Air Astana әуе компаниясы 2026 жылға қарай Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр. Компания 2025 жылға дейін Boeing ұшағына тапсырыс беріп қойған, тапсырыс уақытында келсе, Америкаға тікелей рейс те ертерек ашылатын болады. Бұл туралы Астана қаласында өткен Азаматтық авиация комитетінің дөңгелек үстелінде Көлік вице-министрі Талғат Ластаев айтты.

«1 жыл бұрын Air Astana 2 Boeing және 2 Dreamliner алу бойынша шартқа қол қойды. Қазір сол рейстерді күтіп отырмыз. Жоспар бойынша келесі жылдың аяғына дейін осы ұшақтар келеді. Ұшақ келіп үлгерсе, 2025 жылы, кешіккен жағдайда 2026 жылы АҚШ-қа ұшатын тікелей рейстер іске қосылады», – деді Ластаев.

Бұған қоса, вице-министр бұл ұшақтарды Air Astana өз қаражатына сатып алатынын атап өтті.

Air Astana компаниясының өкілі Ерболат Байсалықов та АҚШ-қа ұшатын ұшақтарды сатып алуға компанияның мемлекеттен ақша сұрамағанын алға тартты. 

«Air Astana мен FlyArystan әуе компаниялары субсидия бөлінетін бағыттарға ұшпайды және субсидия сұрамайды», – деп атап өтті. 

2024 жылдың қаңтарында Қазақстан авиациялық әкімшілігі FAA-мен бірлесіп АҚШ-қа тікелей рейстер ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатқаны белгілі болған.

Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстерін ашу 2020 жылдан бері көтеріліп келеді. 2021 жылдың қарашасында ҚР ИИДМ баспасөз қызметі Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейсін ашу 2025 жылға қарай жоспарланғанын хабарлады. Тікелей әуе рейсінің ашылуы ұзақ қашықтыққа ұшатын B-787 Dreamliner ұшағын сатып алумен байланысты болған. Бірақ ұшақты сатып алу пандемияға байланысты 2025 жылға кейінге шегерілген.