Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев атақты Paramount компаниясын сатып алмақ болған – Financial Times

Жарияланды 21 Тамыз 2024 19:37

(жаңартылды 28 Тамыз 2024 00:55)
Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Paramount-қа бастапқыда 4,3 млрд доллар ұсынылды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиев Paramount Global медиа тобын сатып алу туралы ұсыныс жасағандардың қатарынан табылды. Бұл туралы Financial Times басылымы хабарлады.

Бұл ретте Әлиев және оның серіктестері АҚШ-тағы Skydance Media компаниясымен бәсекелес болып есептеледі. Атақты медиа компанияны сатып алуға бастама жасаған инвестор – бизнесмен Эдгар Бронфман. Ол компанияны бақылау үшін 5,5 млрд доллар ұсынған.

Financial Times мәліметінше, әлеуетті сатып алушылар қатарында BC Partners Credit жеке инвестициялық тобы, кино продюсер Стивен Пол және криптокәсіпкер Брок Пирс болды.

Бұл ретте Бронфман бастаған кәріпкерлер мен BC Partners Credit компаниясы Paramount Global-ды сатып алуға қатысты қосымша ақпарат беруден бас тартты.

«Бронфманның ұсынысы бастапқыда 4,3 млрд долларды құрады, бірақ сома Paramount басшылығын Skydance Media келісімінен бас тартуға сендіру үшін Әлиев, Пол, Пирс және басқалардың қолдауынан кейін ұлғайтылды», – деп жазылған мақалада.

Айта кететіні, шілде айының басында Paramount Global және Skydance Media бірігетіні туралы ақпарат таратты.

Бронфман Paramount бұған дейінгі басқа ұсыныстан бас тарту үшін барын салған. Мәселен, медиа компания Skydance-қа уәде еткен 1,5 млрд долларды өтеп бермек болған. Сондай-ақ Skydance айыппұлын өтеу үшін қосымша 400 млн доллар төлеуге келіскен еді.

Осы жаңалық аясында ойын-сауық компаниясының акциялары 21 тамызда алдын ала саудада 0,16%-ға өсті. Осылайша бір акциясының бағасы 11 долларға жетті.

Нұрәлі Әлиев Forbes.kz нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде 41-орында. Оның байлығы 220 млн долларға бағаланады. Назарбаевтың жиені «Транстелеком», Capital Holding және Darmen Holding компанияларының негізгі акцияларына ие. Сондай-ақ оның Дубайдағы Donatello Hotels and Resorts, Алматыдағы Donatello бутик-қонақүйі, Алматы мен Астанада бірнеше мейрамханасы бар.

Paramount – штаб-пәтері Манхэттенде орналасқан АҚШ-тағы ірі ойын-сауық конгломераты. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Әлиев акцияларына иелік ететін «Транстелеком» компаниясы атқарушы орган мүшелеріне 2023 жылға 224 млн теңге төлейтінін хабарлады. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2,5 есе аз.

Сондай-ақ оқыңыз