2050 жылға қарай Қазақстанда «демографиялық қарттық» тіркеліп, әр алтыншы адамның жасы 60-тан жоғары болады. Бұл туралы БЖЗҚ-ның жылдық актуарлық есебінде жазылған.
Есепте халық санының демографиялық өсуінің бірнеше сценарийі келтірілген.
Базалық, оптимистік, пессимистік сценарий қандай?
Базалық сценарий бойынша халық саны 24,7 млн адам шамасында болады. Салыстырар болсақ, БҰҰ болжамынша 2050 жылы Қазақстан халқының саны 25,7 млн адамға жетеді.
«Халық санына туу көрсеткіші елеулі ықпал етеді. Көші-қон көрсеткіштері тең болған кезде туудың базалық сценарийінен оптимистік сценарийгее өтуі және пессимистік сценарийден базалық сценарийге өтуі болжамды халық санының 10%-дық өсімімен сипатталады. Көші-қон сальдосының әсері аз болады», – деп жазылған есепте.
Оптимистік сценарий бойынша 2050 жылы халық саны орташа алғанда, базалық сценарий кезіндегіден 2%-ға жоғары, ал базалық сценарий, өз кезегінде пессимистік сценариймен салыстырғанда халық санының 4,4%-ға өсуіне алып келеді. Бұл ретте ерекше атап өтетін көрсеткіш – 2050 жылғы қарт адамдар (60 жастан асқан) үлесі артады.
Әр алтыншы адам 60 жастан асқан қарт болады
Есепке сүйенсек, бұл көрсеткіш мәні 16,0%-бен 19,8% аралығында құбылып тұр. Базалық сценарийге сай қарт адамдар үлесі – 17,6% болады.
Ал БҰҰ сценарийі бойынша қарт адамдар үлесі – 17,1%-ға жетеді.
«Оптимистік сценарий кезінде күтілетін қарт адамдар үлесі базалық сценарий кезіндегіден 9%-ға төмен. Пессимистік сценарий кезіндегі қарт адамдар үлесі базалық сценарийдегіден 10%-ға жоғары», – деп жазылған есепте.
«Демографиялық импульс» және халық саны
2050 жылға дейін Қазақстан халқының болжанып отырған өсімінің 58%-ға жуығы «демографиялық импульс» арқасында тіркелмек.
«2050 жылы орташа халық санының болжамы – 26,5 млн адам. 95%-дық сенімді аралық 26,2-ден 26,7 млн дейінгі адамды қамтиды», – деп хабарлады БЖЗҚ.
Сондай-ақ есепте жақында жастардың үлесі қазіргі 42,6%- дан 2030 жылға қарай 44,3%-ға өседі деп болжанып отыр. Содан кейін шамамен 3%-ға қысқарады.
«Мұндай динамиканың БЖЗҚ болжамында да, БҰҰ болжамында да байқалып отырғанын атап көрсетеміз. Өз кезегінде, 25 жастан 64 жасқа дейінгі халық үлесі шамамен 2031 жылға дейін қысқарады. Кейін қайта аздап өседі. Қарттар үлесі барлық болжамда ұдайы өсіп отырады», – деп хабарлады.
Еске сала кетсек, 2023 жылы қарашада Қазақстан халқының саны 20 млн адамға жетті.
Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметінше, жыл басынан 1 ақпанға дейінгі кезеңде еліміздегі халықтың саны 20 мың адамға өсті.