Қазақстанда 2024 жылғы І жартыжылдықта Ұлттық банктің жүйелері арқылы барлығы 683,2 трлн теңгеге төлем жүргізілді. Бұл туралы бас банк хабарлады.
Бір күнде ұлттық төлем жүйелері, оның ішінде: «Банкаралық ақша аударымдары жүйесі» (БААЖ) және «Банкаралық клиринг жүйесі» (БКЖ) арқылы бір күнде орта есеппен 5,6 трлн теңгеге төлем жүргізіледі.
Реттеуші ақпаратынша, операциялардың басым бөлігі 15:00-ден 16:00-ге дейін өңделеді.
«2024 жылғы І жартыжылдықта Ұлттық банктің төлем жүйелерінің жұмысқа жарамдылық коэффициенті 99,95% болды. Бұл белгіленген нысаналы көрсеткіштерден асып түсіп, ұлттық төлем жүйелерінің жоғары тиімділігін көрсетеді», – деп хабарлады бас банк.
Айта кететіні, Қазақстан ҰБ «Банкаралық ақша аударымдары жүйесінің» (БААЖ) және «Банкаралық клиринг жүйесінің» (БКЖ) операторы. Ол ұлттық төлем жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін және Қазақстан аумағында қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етіп келеді.
Еске сала кетсек, 2023 жылғы қыркүйекте Ұлттық төлем корпорациясы құрылған еді.