Алматының хостелінде қайтыс болған балалардың ата-аналары әділдік іздеп қоғам белсенділеріне жүгінген. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде қоғам белсендісі Дамир Көшеев ата-аналардың бұл іске қатысы бар кінәлі адамдардың жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдіріп отырғанын жеткізді.
Көшеев шаһар басшысынан өртке қатысты тергеу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын және хостелдердің жұмысын қадағалап келген әкімдік қызметкерлерінің бұл істе қандай жауапкершілікке тартылатыны жайлы сұрады.
«Қаза тапқан балалардың ата-аналары бұл іске кінәлі адамдардың барлығы жауапқа тартылғанын қалайды. Өйткені қазіргі таңда ғимаратты жалға берген адам ғана жазаға тартылып жатыр. Оның ғимаратты жалға алғанына небары 1-2 ай ғана болған. Ал түпкі жалға берушісі – Халық банк. Ол ешқандай жауапкершілікке тартылмады. Дәл солайша, хостел жұмысын қадағалауы керек болған аудан әкімі де жауапқа тартылған жоқ. Ол қазіргі таңда аудан әкімі қызметінен ауысып, әкімдік аппаратына ауысқан», – деді қоғам белсендісі.
Ерболат Досаев болған өртке ғимаратты пайдалануға берген адамның жауап беретінін айтты.
«Мен бұрынғы аудан әкімін қорғап отырғам жоқ. Десе де бұл іске хостелді пайдалануға берген адам жауап беретінін айтқым келеді. Мәселен сізде жылжымайтын мүлік бар делік. Оны сіз жалға беріп, жалға алған адам өрт шығарса, бұған кім жауапты болуы керек?!», – деп сұрады әкім.
Осы орайда қала тұрғыны құзырлы органдардың жауапкершілігін ұмытпау қажет екенін еске салды. Әкім хостелдегі қайғылы оқиғаға қатысты іспен құзырлы органдар айналысып жатқанын, тергеу жұмыстарының нәтижесі алдағы уақытта белгілі болатынын жеткізді.
«Бұл істі тергеу менің құзыретіме кірмейді. Ай соңына дейін бұл іс сотқа жіберіледі. Сот шешімі қалай шығады соған сай жұмыс жүргіземіз. Хостелдің жұмысына кім және қалай бақылау жүргізгені сол кезде белгілі болады. Өкінішке қарай, 2016 жылдан бері бұл сала либерализацияланып, қадағалау әлсіреді. Бірақ қазір хостелдерді тексеру реті өзгерді. Осы жылы студенттерді хостелдерге орналастырмай тұрып, арнайы комиссия құрылып барлық ғимарат тексерілді»,– деді әкім.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың 30 қарашасында Алматыдағы хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты. Артынша хостел ғимаратының Халық банкке тиесілі екені хабарланды. Ғимаратты банк қарызын өтемеген бұрынғы қожайындарынан алып қойған. Бұдан бөлек, хостелдің Алматыдағы жоғарғы оқу орындарымен студенттерді орналастыру туралы келісімге келмегені белгілі болды.
Сонымен бірге ғимараттың хостел ретінде заңсыз пайдалануға берілгені анықталды.
Өз кезегінде ТЖМ өрт болған ғимарат тіркеуден өтпегендіктен, басқарушы органдар оның жұмысы туралы хабарсыз болғанын мәлімдеді.
Бұл оқиғадан соң мемлекет басшысы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды.