Қазақстан Тәжікстанда IT парк ашады. Жоба Freedom Bank-тың қаржылық қолдауымен жүзеге асырылады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Осыған сәйкес Душанбеде арнайы меморандум қабылданды. Құжатқа ҚР Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов, сондай-ақ инновациялық Агенттігі өкілі Хуршед Мирзо және Тәжікстанның Жинақ банкінің өкілі Ризвонзода Фирдавс қол қойды.
Бұл тұста тараптар екі елдің экономикалық және әлеуметтік ілгерілеуіне ықпал ететін озық технологияларды әзірлеуге және енгізуге келісті. Сонымен қатар аталған құжат аясында Freedom Bank Тәжікстанда IT hub құру туралы келісімге келді. Бұған қоса алдағы уақытта еншілес банк ашуды жоспарлап отыр.
«Меморандумға қол қою серіктестікті нығайту және инновациялық шешімдерді енгізудегі маңызды қадам болып табылады. IT hub-ты іске қосумен қатар Тәжікстанда Freedom Bank еншілес ұйымын ашуды көздеп отырмыз. Бұл бағытта біраз жұмыс атқарылды. Еншілес банктің ашылуы тәжірибемізді кеңейтуге және Тәжікстан нарығына цифрлық өнімдер мен қызметтерді енгізуге мүмкіндік береді», — деп қорытындылады Айдос Жұмағұлов.
Бұған дейін Тәжікстаннан келген 100-ден астам IT маман Қазақстандағы Astana Hub бағдарламасы бойынша оқуды аяқтады. Алдағы уақытта аталған ел банк өнімдерін автоматтандыру саласында ынтымақтастық орнатуды көздеп отыр.
Сондай-ақ құжат Орталық Азияның инновациялық экожүйесін дамыту, трансшекаралық серіктестік мүмкіндіктерін зерттеу, ғарыш пен Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы бірлескен жобаларды әзірлеу үшін тараптардың халықаралық іс-шараларға қатысуын қарастырады.