Дзюдодан Париж олимпиадасында 5-ші орын алған Абиба Әбужақынова үшінші көлігіне ие болды. Қуанышты жаңалығымен дзюдошы өзінің Instagram парақшасында бөлісті.
Абибаның айтуынша, бұл жолы көлікті «Жеңіс» дзюдо клубы табыс еткен.
«Кезекті көлік. Бүгін «Жеңіс» дзюдо клубының президенті кезекті көліктің кілтін табыстады. Клубтың капитаны ретінде алған бүгінгі көлік мені бұдан кейін де тоқтамауға, тынбай еңбектенуге тағы бір себеп деп ойлаймын, челлендж деп қабылдаймын. Олимпиада ойындары менің өмірімді түбегейлі өзгерткені анық. Соған қарамастан барлығы мені қолдап, жылы лебіздерін аяп жатқан жоқ», – деді Абиба.
Айта кетейік, бұдан бөлек Абибаға Мәжіліс депутаты Kia Ceed автокөлігін сыйласа, Атырау облысында жергілікті кәсіпкерлер Zeekr электромобилін тарту етті. Араға апта салмай Әбужақынова демеушілер есебінен үшінші көлігін мініп отыр.
Абибаға сыйға тартылған көліктерінің нарықтағы орташа бағасы мынадай:
KIA Ceed 2024 жылғы автокөлігінің орташа бағасы – 13 млн теңге
Zeekr X premium 2023 жылғы автокөлігінің орташа бағасы – 15 млн
BMW X3 2024 жылғы автокөлігінің орташа бағасы – 30 млн теңгені құрайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Олимпиадаға қатысқан қазақстандық спортшыларға ақшалай сыйақыдан бөлек қандай сыйлықтар берілгіне туралы жазған едік.
XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола алып, жалпы командалық есепте 43-орынға тұрақтады. Дүниежүзілік додада жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен бапкерлерге Президент Жарлығымен наградалар тағайындалды.