Күзде демалысқа баруға таптырмайтын 12 бағыт

Жарияланды 23 Тамыз 2024 12:53

(жаңартылды 23 Тамыз 2024 12:54)
Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Күзде қай жерлерде демалуға болады / Фото: kursiv.media архивінен

«Жазда турист көп болады, адам аяғы басылған соң барып демалысқа шығамын» деп күзді күтіп жүрсіз бе? Олай болса, сізге күзде баруға болатын танымал бағыттар топтамасын дайындадық. Күн райы жайлы, бағасы да қалта қақпайтын, виза сұрамайтын не электрон түрде рәсімдеу қиынға соқпайтын елдерді ұсынамыз.

Күз — демалысқа жайлы мезгіл. Өйткені турлардың бағасы арзандайды, күн де тас төбеден шақырайып тұрмайды. Жазда ағылған туристер саны азаятыны айтпаса да белгілі. Еңбек демалысын есте қаларлықтай өткізуге болатын елдердің топтамасын назарыңызға ұсынамыз. Қазақстанның қысы көп аймақта қатал. Сондай суық күн жеткенше, күнге қыздырынып үлгергісі келетіндерге кеш емес. Жылы күз маусымында қай жағажайды көңіліңіз қалайтынын өзіңіз шешіңіз.

Түркия

Күзде Түркияда күн әлі жылы болады. Теңізде су температурасы +20 °C шамасында болса, ауа температурасы орта есеппен — 28–30 °C (кей аймақтарда). Бірақ соған қарамастан күзге салым туристер ағыны біршама саябырсып қалады. Егер осы уақытта демалысқа барғыңыз келсе, онда Жерорта теңізінің жағасын таңдағаныңыз абзал. Ол дегеніңіз Сиде, Аланья, Анталья және Белек жақ. Алаңсыз қарашаға дейін суға түсе беруге болады. Ал бұдан сәл салқындау жақ керек болса, Эгей теңізі жақ — Бодрум мен Мармарис бар. Әдетте күз айларында Түркияда онша жаңбыр жаумайды. Сондықтан жаяу қыдыруға да қолайлы. Базарға барсаңыз, жаңа піскен жеміс самсап тұрады. Тұратын жер де қымбат емес. Жазда үш жұлдызды қонақүйді алатын бағаға бұл кезде бес жұлдызды қонақүй жалдай аласыз. Бірақ кемшілігі де жоқ емес. Ойын-сауықты жақсы көретіндерге ұнамауы мүмкін тұсы бар. Ол — аквапарктер мен аттракциондардың жұмысы тоқтайтыны. Жағажайдың айналасындағы сауық түгел дерлік жабық болады. «Банан», квадрацикл, аниматорлар бола қоймайды. Бірақ теңізге түсіп, әрі белсенді экскурсияға жасағысы келетіндерге Түркия — таптырмайтын жер.  

Египет

Пирамидалар елінде қарашаға дейін күн ыстық болады. Сондықтан күзде таңдауға болатын бағыттардың ішіне Египетті қоспасақ болмас. Экскурсия жасап, туристер қызығатын орындарды аралағыңыз келсе, қыркүйек-қазан айларына жоспарлаңыз. Күзде термометр көрсеткіші +32 °C шамасында болса, теңіздегі су температурасы орта есеппен +26 °C болады. Қызыл теңіздің жағасындағы курорттың қандай мықты екенін талай естіген боларсыз. Әсіресе, бұл жаққа ата-аналар балаларын ертіп әкеледі. Сондықтан баламен баратын болсаңыз, онда Хургададағы «Мини-Египет» немесе Шарм-эль-Шейхтағы Alf Leila Wa Leila ойын-сауық орталығындағы «1001 түн» қойылымына баруға кеңес береміз. Жағажайда демалғыңыз келсе, жабық орамды қонақүйлер таңдағаныңыз дұрыс. Сонда жел сезілмейді. Теңізді аралап, сафариге барып, шөл даланы атпен кезіп көрсеңіз болады. Мұнда келгендердің дені Египеттің астанасы — Каирге ат басын бұрады. Өйткені ол жақта тамашалайтын жер толып жатыр. Сонымен бірге Дахабтағы каньонға немесе Эль-Гунедегі Зәйтүн аралына баруға болады.   

Таиланд

Күзге салым баруға қолайлы елдердің ішінде Таиландты ерекше атап өтпесе болмас. Бұл маусымда күн өте жылы. Сондықтан жағажайда жатуға да, экскурсия жасауға да ыңғайлы кезең. Бірақ Ко Тао, Самуи және Панган секілді аралдарға бармағаныңыз жөн. Себебі бұл кезде жаңбыр көп жауады. Егер жаңбырды жақсы көретін болсаңыз, ерік өзіңізде. Ауа райы шамамен +30 °C болса, су температурасы +27 °C-қа дейін. Ақша үнемдегіңіз келсе, турды қыркүйекте алыңыз. Жаңбырлы маусым болғандықтан күздің басында тур бағасы арзандау болады. Туристердің дені Таиландқа Паттайя, Пхукеттегі түрлі шоу-бағдарламаны қызықтау үшін де барады. Өйткені мұнда ұлттық билерді бұрала билеп, фокус көрсетіп, қойылым қойып жатады. Карнавал костюмдері, ескі аңыздарға құралған қойылымдар да көптің көңілінен шығады. Бұдан қала берді ұлттық парктер, дендросаябақтар, қорықтар, ежелгі будда храмдары, сарайлар мен Бангкоктегі өлкетану мұражайына бас сұқпаса болмайды. 

Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ)

Жазда бұл жақтың ыстық болатынын жақсы білетін шығарсыз. Күздің ортасына қарай ыстық біртіндеп басыла бастайды. Сондықтан осы уақыт туристер арасында мақпал маусым саналады. БАӘ-нің батыс бөлігіне барған дұрысырақ. Мұнда күндіз ауа температурасы +35 °C шамасында болады. Жаңбыр жауа қоймайды. Мұнда жағажайда жатып демалып қана қоймай, түрлі фестиваль тамашалай аласыз. Әр әмірліктің өзіне тән ерекшелігі, колориті бар. Күз айларында БАӘ-дегі жабық сауда және ойын-сауық орталықтарына, шолу алаңдарына, аквапарктер мен музейлерді аралаңыз. Әсіресе, Абу-Даби, Дубай және Шаржадағыларына баруға кеңес береміз. Күн ыстық болғандықтан, аяқ аттасаңыз кондиционер тұрады. Сол себепті ғимараттардың ішінде алаңсыз аралай аласыз.

Куба

Аралда күздің кезінде күн әлі ыстық болады. Бірақ қазанның ортасына дейін мұнда ылғал маусым саналады. Кейін біртіндеп азая береді. Десек те қазан-қарашада дауыл болып, жел тұруы мүмкін. Бармас бұрын осыған дайын болыңыз. Әйтсе де, бұл жақтың нөсері мен дауылы демалысқа ерекше тропик әсер сыйлайды деседі. Бұл жақта күзде не істеуге болады? Айналаны шолып, экскурсия жасап шығыңыз. Қорықтар, ұлттық саябақтар, қолтырауын фермасы бар. Белсенді демалыс керек болса, өзендердегі рафтинг, спелеологиялық жорықтар бар. Балық аулауға болады. Жағажай маңында волейбол, дайвинг, серфинг жасай аласыз.

Айтпақшы, қазанның басында Гаванада заманауи музыка фестивалі өтеді. Әлемнің әр жерінен мықты композитор, музыкант пен продюсерлер жиналады. Осы фестиваль аясында концерттер өтеді, шеберлік сағаттары, конкурстар, қойылымдар ұйымдастырылады. Басқа қалаларында да мұндай қызық көп. Латынамерикалық билерді үйренгісі келетіндер болса, осы жақтағы румба мерекесіне қатысып көруге болады. Варвадероға жолыңыз түссе, Кайо Бланко аралына барып круиз жасаңыз. Жергілікті дельфинарийге не қолтырауы фермасын кіріп шығуды ұмытпаңыз. Қазақстандықтарға бұл елге кіру үшін виза керек. Бірақ процесс онша қиын емес. Сауалнама толтырып, төлқұжат көшірмесін, суретіңізді, қонақүй броны мен барып-қайту билетін өткізсеңіз болғаны. 30 күнге беріледі, кейін тағы создырып алуға болады.

Грузия

Теңіз курорттарында күздің басында күн әлі жаздағыдай жылы болып тұрады. Батуми, Кутаиси, Кобулеттиде қыркүйекте сынап бағаны +27…+28 °С көрсетеді. Кейін қазанға қарай біртіндеп түсе бастайды. Жалпы алғанда қыркүйектің ортасына дейін Қара теңіздегі температура — 24 °С шамасында. Ересек тұрмақ, балаға да шомылуға болатындай қолайлы. Бірақ кеші салқын. Сондықтан баратын кезде жеңі ұзын киім, күртеше ала баруды ұмытпаңыз.

Грузияның астанасы — Тбилисиге қазанда барсаңыз ұтылмайсыз. Өйткені осы кезде әрі күн шығып тұраы, әрі жаңбыр жоқ. Күні бойы жаяу қыдырып, грузин асханасынан дәм татып жүре беруге болады. Қазанның басында бұл елде егін жиналатын кезге орай Тбилисобу мерекесі тойланады. Жәрмеңкелер ұйымдастырылады, түрлі қызыққа тап боласыз. Күзгі пейзаж, минерал бұлақ қызықтырса, онда қазанда ат басын Боржомиге бұрыңыз. Жаңбыр сирек жауады, күн де жылы болады. Ал енді демалысыңыз қарашада болса, онда тосынсыйларға дайын болуыңыз керек. Себебі ауа райы бұл уақытта құбылмалы. Бір күні ашық болып тұрып, ертесіне жаңбыр төгіп кетуі мүмкін. Сол себепті Грузияға күздің аяғында баратындар міндетті түрде жылы киім мен қолшатыр ала барғандары жөн.   

Мальдив аралдары

Негізі Мальдив аралдарындағы демалысқа ең қолайлы кез — қараша мен сәуір аралығы. Бұл кезде аралдарда жаңбыр өте сирек жауады. Десе де қыркүйек, қазанда жол түссе де, айналысатын тірлік табылады. Күндіз орташа температура +31 °C болса, түнде — +29 °C. Ыстығы онша сезілмейді, күнге күймейсіз. Көпшілігі балық аулап, дайвинг, снорклинг, серфинг не су шаңғысын ермек қылады. Туристердің дені Ари мен Малеге барады. Ариде бала-шағалылар жиі барса, екіншісіне романтикалық сапар мақсатында барады.      

Вьетнам

Вьетнамға күзде баратын болсаңыз, орталық бөлігін таңдамаңыз. Себебі ол жақта жаңбыр көп. Дұрысы — оңтүстігі не солтүстігі. Туристер көбіне қыркүйекте Нячангке барады. Ал қысқа таяу Фукуок дұрыс. Нячангта инфрақұрылым жақсы дамыған. Өздерінің Диснейленді бар. Ал Фукуоктың атмосферасы табиғатта, тыныштықта уақыт өткізгенді ұнататындарға арналған. Жағажайда жата бермей, Ханой, Хошиминге экскурсия жасап келуге болады. Бұл жақтарда аралайтын жер көп. Міндетті түрде күріш плантациясына, Қытаймен шекарада орналасқан Дэтянь сарқырамасына барыңыз. Биыл 25 мамырдан бастап қазақстандықтар Вьетнамға 30 күн визасыз кіруге рұқсат алды.  

Қытай

Қыркүйекте Қытайдың астанасы — Бейжіңде керемет уақыт өткізуге болады. Күзге салым күннің ыстығы басыла бастайды. Жаңбырдың да жаууы сирек. Сондықтан жаяу аралап, демала аласыз. Нағыз Азияның экзотикасын сезінуге мүмкіндік бар. Хайнань аралында күздің басында күн өте жылы. Бірақ тропик нөсерлері мазаны алуы мүмкін. Шанхай мен Гонконгта қыркүйекте күн жылы, бірақ жаңбырлы. Ал жаңбыры сирек жер керек болса, онда Харбинге барыңыз. Қазанда Шанхай мен Бейжіңге барып, экскурсия жасап, шоппиңмен уақыт өткізуге болады. Ал қарашадағы демалысты Саньяда өткізіңіз. Теңіз тынышталып, нағыз жағажайда жатып демалатын уақыт болады. Қазақстандықтар бір айға дейін Қытайда визасыз жүре алады.

Шри-Ланка

Шри-Ланка субэкваторлық климат аймағында орналасқан. Сондықтан жыл — он екі ай мұнда күн ыстық. Демек күзде де температура +30…+33 °С шамасында болады. Қыркүйек-қазанды жоспарласаңыз, онда оңтүстік-батыс жаққа бармаңыз. Себебі мұнда күздің алғашқы жартысында күн желді, болады. Теңізде дауыл тұрады. Дұрысы, экзотикалық демалыс үшін шығыстағы Тринкомали мен Нилавелиге бару. Ал қараша — Шри-Ланка курорттарында демалуға қолайлы ай. Бентота, Хиккадуву, Берувелу, Унавату мен Негомбоға осы кездері турист қаптпайды. Теңіз де тынышталып, су жып-жылы —  +27 °С боп тұрады. Үнді мұхитының су асты әлемін зерттеп, желкенді қайықпен серуендей аласыз. Айтпақшы, Сигирия мен Адам шыңдарына шығып, Галле портын тамашалауға да кеңес береміз. Яла ұлттық саябағы да туристер үшін маст визит. Қазақстан азаматтарына Шри-Ланкаға кіру үшін виза керек. Әуежайға барған соң виза ақысын төлесеңіз, сол жерде-ақ жабыстырып береді. 

Тунис

Тунис — табиғаты жайлы, бірақ көпшілік арасында әлі танымал бола қоймаған экзотик ел. Қыркүйекте барсаңыз, жаздың күнінен кем болмайды. Теңіз су жып-жылы, ауа температурасы +30°C шамасында. Сондықтан күнге күюге болады. Қазанда да ауа райы қолайлы. Бірақ температура аздап төмендейді. Туниске барып жағажайда демалып, SPA-процедуралар жасатып, қыдырсаңыз болады. Әсіресе, мұндағы мамандар — теңіз тұзы, балдыр мен емдік балшықпен талассотерапия жасаудың шебері. Тарихты жақсы көретіндер архитектуралық музейлер, ескі амфитеатрдың қирандыларын тамашаласа болады. Тунистегі балықтар қандай?! Көңіл қалайтын істі кез келген адам таба алады деп ойлаймыз. Бұл елге кіруге виза қажет емес. Қазақстандық Тунисте үш ай визасыз жүре алады.

Индонезия

Әлбетте, бұл елді айтқанда бірден Бали еске түседі. Жыл — он екі ай жаз болатын бұл жерді атап өтпесек болмас. Таңғажайып жағажай, сарқырама, түрлі өзен, тропик ормандар, вулкан, асқар-асқар таулармен ескі храмдарымен танымал. Екі бірдей мұхит суы шайып өтетіні тағы бар. Балиде демалысқа керектің бәрі табылады. Тіпті қызығушылығы бір-біріне ұқсамайтын екі турист барса, әрқайсысына көңіліне жақын тірлік тауып алады. Белсенді, спорттық демалысты қаласаңыз — су, әуе, жер үсті спорт түрлері бар. Ал ел-жер көріп, танығысы келетіндерге музей, галерея мен храм көп. Табиғатқа жақындар тау, орман, сарқырама, мұхитты тамашалайды. Сауық іздегендерге аквапарк, аттракциондар бар. Тіпті көңіл көтеру үшін түнгі клуб бен бардың саны да мұнда жеткілікті.

Аралдың ең «ұйықтамайтын» бұрышы — Кута. Күні-түні мұнда тіршілік тынбайды. Әлемнің әр жерінен келген жастар осы жерде жиналады десек болады. Мейрамханалар, демалыс кешендері, әдемі жағажайлар, серфинг мектептері — бәрі бар. Айтпақшы, Индонезиядағы серфинг мектептерінің ішіндегі алдыңғы қатардағысы — Кутада. Ал тыныш, жайлы демалыс қалағандарға Санур жақсы. Баламен бірге жүргендер не егде жастағылар осы курортқа жиі барады. Таза әрі жайлы. Суы мөлдір, жылы. Қаланың шетінде мангр орманы, Ле Майер галереясы бар. Қалталы адамдарға Балидегі ең қымбат курорт Семиньяк ұнауға тиіс. Бірінші санатты жағажайлар, қонақүйлер, спа-кешендері, арт-галереялар, мейрамханалар жетерлік. Жалпы алғанда Балиге барғанда жағажай мен судағы классикалық спорт түрлерінен бөлек те баратын жер көп. Мысалы, Алас-Кедатон маймылдар орманы, 40 метрлік Гит-Гит сарқырамасы, Таман-Аюн, Пура-Бесаких, Петитенгет сынды храм кешендері, Батур вулканы бар. Күндіз аяқ талғанша араласаңыз, кешке қарай спа-ға барып, тынықсаңыз болады.  

Сондай-ақ оқыңыз