Жаңалықтар

«Бюджетке 5 млрд түседі»: қазақстандықтар автотұрақ ақысы үшін айыппұл салуды алып тастау туралы петицияға қол жинап жатыр

Автотұрақтардан Астана әкімдігінің жергілікті бюджетіне түсетін кіріс 5 млрд теңгеден асады / Фото: kursiv.media 

Қазақстандықтар автотұрақ ақысын төлемегені үшін салынатын айыппұлға наразылық  танытып, петиция жариялады. Петиция авторлары автотұрақ үшін акы төлеу тетігі бүгінде қоғамда көптеген түсінбеушілік пен қиындық туғызып жатқанын айтады. epetition.kz порталында жарияланған петиция 27 тамызға дейін қолжетімді болады.

Мәселен, автотұрақ ақысын сол сәтте, я болмаса сол күні сағат 23:59-ға дейін төлеу қажет. Оның ақысы уақытылы төленбеген жағдайда әкімшілік айппұл салынады. Петиция авторлары оның соммасы автотұрақ құныннан едәуір жоғары екенін алға тартуда.  

«Көлік иелері автотұрақ ақысын төлеуден қашпайды, олар үлгермейді, ұмытып кетеді немесе автотұрақтың ақылы екенін білмейді. Қазір қалада тегін көлік қоятын орындар іс жүзінде қалмаған. Аурухана, мектеп, балабақша және сауда орталықтарының барлық тұрақтары ақылы автотұраққа  айналды. Бұл азаматтарға қосымша қиындықтар туғызуда», – делінген петиция мәтінінде. 

Петиция мәтінінде Астана қаласы әкімдігіне төлем тетігін қайта қарау туралы ұсыныстың жауапсыз қалғаны да айтылған.  

«Сондай-ақ  ақылы жолдар (ҚазАвтоЖол) бойынша алдын ала төлеуді, төлемге шот қоюды және төлем жасалмаған жағдайда хабарламалар жіберуді көздейтін тетіктер енгізу ұсындық. Бұл тәсіл жол ақысына қатысты түсінбеушілктерді азайтып, тұрақ ақысын төлеудің икемді және ыңғайлы әдісін қамтамасыз етеді. Сол сияқты автотұрақ ақысын төлеу механизміне көшу қаладағы тұрақ кеңістігін тиімді пайдалануға септігін тигізеді», – дейді петиция авторлары. 

Петиция авторлары автотұрақтардан Астана әкімдігінің жергілікті бюджетіне түсетін кіріс 5 млрд теңгеден асатынын айтады.  

«Алайда, бұл қаражаттың қалай жұмсалатыны қала тұрғындары үшін түсініксіз. Ақылы автотұрақ иелері өз мүддесін ғана қорғап отыр, халықтың есебінен негізсіз баюда. Бұл мәселенің жалғыз шешімі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 597-бабының 4-1 және 4-2-тармақтарын алып тастау. Осы баптың 4-1-бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлға әкеледі. Бұл талаптарды алып тастау қала тұрғындарының мүдделеріне сәйкес келетін және қалалық тұрақ кеңістігін тиімді пайдалануға ықпал ететін тұрақ ақысын төлеудің неғұрлым әділ және ашық жүйесін құруға мүмкіндік береді», – делінген петиция мәтінінде. 

Былтыр, қараша айында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қала тұрғындарына тегін автотұрақтарды қайтаруға уәде берген еді. Алайда тек әлеуметтік нысандардағы тұрақтар ғана тегін болады. Әкімнің айтуынша, елордада жарты миллион адамды жұмыспен қамтып отырған 230 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі бар. Кездесуде кәсіпкерлер әлеуметтік нысандар салу, көлік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ақылы тұрақ орындары, ШОБ үшін жеңілдіктер және т.б. мәселелерді көтерген.

Елордада алғашқы ақылы автотұрақтар 2018 жылдың қаңтарында іске қосылған.
Ақылы тұрақ орындары қала меншігінде, оларды «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС басқарады. Ақысы – сағаты 100 теңге. Ақылы тұрақ аймағында көлікті 5 минут тегін қоюға болады.

Ал, Алматыда жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін ақылы тұраққа абонемент енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Ол үшін арнайы рұқсат қажет.  Абонементтік төлем енгізу биыл тамыз-қыркүйек айында жүзеге асады деп күтілуде.