Жаңалықтар

Францияда Telegram мессенджерінің иесі Павел Дуров тұтқындалды

фото: Instagram / durov

Telegram мессенджерінің иесі, миллиардер Павел Дуров Париж әуежайында ұсталды. Оның Әзербайжаннан ұшып келгені мәлім болды.

TF-1 арнасының мәліметі бойынша 24 тамыз күні кешке Ле Бурже әуежайына жеке ұшағымен қонған Дуровты жандармдар бірден тұтқындаған.

Францияның Дуровты іздеуге жариялау туралы бұйрығын сот полициясының ұлттық басқармасы алдын ала тергеу негізінде шығарды. Енді прокуратура шешім қабылдаса, жуырда сот отырысы басталады. Жандармерия тергеушісі оның тергеу абақтысында отыратыны анық екенін айтқан.

Құқық қорғау органдары Павелді мессенджер арқылы заңсыз есірткі айналымына көмектесті, алаяқтықтың белең алуына, балаларға қарсы қылмыстың өршуіне кінәлі деп отыр.

Павел Дуров Ресей азаматы болған. Оның Ресейден кетіп қалғанына 10 жылдан астам уақыт өтті. 2021 жылы  Франция азаматтығын алды.

Дуровтың ұсталғаны туралы ақпаратты BFMTV және AFP ақпарат көздеріне сілтеме жасап растады. «Курсив» Францияның Ішкі істер министрлігіне сауал жолдады.

Дуров бұған дейін америкалық журналист Такер Карлсонға Ресей мен АҚШ барлау агенттіктерінен қысым көргенін айтты.

Цифрлық даму министрі шақырған соң, 2024 жылдың шілде айында Павел Дуров Қазақстанға келген. 20 миллион қазақстандықтың 12,5 миллионы Telegram желісін ай сайын қолданады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артық.