Жаңалықтар

XPeng электрокарын өндіретін компанияның акциялары 7%-ға өсті

Фото: Shutterstock

Қытайлық XPeng электромобиль өндірушісінің бағалары Гонконгта күрт өсті. Нью-Йорктегі компанияның депозитарлық қолхаттары да нарыққа шықты. Трейдерлер XPeng басшысы өткен аптада компания акцияларының үлкен пакетін сатып алды деген хабарламаға осылай жауап қатты.

Толығырақ

Дүйсенбі, 26 тамызда Гонконг қор биржасындағы XPeng акциялары 7%-ға қымбаттап, 29 Гонконг долларынан (шамамен 3,7 доллар) асып түсті. Компанияның америкалық депозитарлық қолхаттары Нью-Йорктегі премаркетте 5,5% қосты. Бағаның өсуіне компания басшысы Сяопэн Хэнің өткен аптада үш күн ішінде компанияның 2 миллионнан астам акциясын төмендеген кезде сатып алғаны туралы хабарлама себеп болды.

21-23 тамыз аралығында XPeng атқарушы директоры Гонконгта саудаланатын 1 млн акцияны орташа есеппен бір қағазға 27,13 Гонконг долларын (3,48 доллар) ұсына отырып, сондай-ақ 1,42 миллион америкалық депозитарлық акцияны (ADS) 7,02 доллар көлеміндегі орташа бағамен сатып алды. The Wall Street Journal газетінің жазуынша, XPeng басқармасы компания басшысы болашаққа сенімді екенін және алдағы уақытта өз үлесін арттыруды жоспарлап отырғанын хабарлаған.

Инвестор нені білуі керек?

Nomura талдаушысы Джоэл Иннің болжамынша, акцияларды сатып алу XPeng басшысының екі жаңа модельге – толық электрлі Mona M03 және P7+ (седан) көліктеріне деген сенімін көрсетеді. Оның пікірінше, бұл көліктер 2024 жылдың қалған бөлігінде компания сатылымын арттыратын негізгі катализатор болуы мүмкін.

XPeng 27 тамызда Mona M03-тің бағасын жарияламақшы. Tesla автопилотына ұқсас Pure Vision жүргізушісіне көмек көрсетудің жетілдірілген жүйесі бар P7+ (седан) төртінші тоқсанда ұсынылмақ.

2014 жылдан, яғни құрылғаннан бері XPeng Қытайдағы жетекші электромобиль өндірушілерінің біріне айналды. Бірақ әлі табысқа кенеле алмай отыр. Өткен тоқсанда компания кірістің өсуіне және XPeng-ке 700 млн доллар инвестиция салған Volkswagen-мен серіктестіктің нәтижесінде таза шығынды екі есе қысқартты.

Акциялардың жайы

XPeng сәуір-маусым айларындағы кірістер бойынша нарықтың үмітін ақтағанымен, компанияның баға ұсыныстары өткен аптада осы тоқсанның әлсіз болжамына байланысты төмендеді. Жыл басынан бері қытайлық компанияның нарықтық құны баға «соғыстары» мен Қытайдағы электромобильдерге деген сұраныстың төмендеуіне байланысты екі есеге жуық құлдырады. FactSet ұсыныстарын бақылайтын сарапшылардың көбі XPeng акцияларын сатып алуға кеңес береді (41 сарапшының 29-ы). 10-ы компанияның қағаздарын портфельде ұстауды ұсынады, екеуі сатып жіберген дұрыс дейді. Гонконгта сатылатын XPeng акцияларының орташа мақсатты бағасы бір қағаз үшін 63,5 юань (8,9 доллар), қазіргі бағасынан 2,4 есе жоғары.