24 тамызда АҚШ-та Демократия партиясының ұлттық съезі басталды. Ал Камала Харрис Демократия партиясының атынан президенттікке кандидатурасын ұсынып, өзінің сайлау жұмыстарына арнап жарты миллиард доллар қаржы жинап үлгерді. Харрис сайлауда жеңіске жетсе, АҚШ-тағы алғашқы әйел президент атанып, тарихи жаңалық болары сөзсіз.
Алайда кино индустрияда әйел президент сенсация емес. Осы ретте әйел президенттер туралы бірқатар фильмді назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Камала Харрис үміткерліктен бұрын АҚШ вице-президенті болған тұңғыш әйел екені әлемге аян. НВО компаниясы бірнеше жыл бұрын саяси фантастикалық комедия жарыққа шығарды. Ол вице-президенттен президентке айналған әйел туралы. Ирландиялық режиссер Армандо Ианнучидің Селин Майер туралы телесериалын көпшілік жақсы қабылдады. Бас рөлді сомдаған Луи Дрейфус алты бірдей «Эмми» марапатын жеңіп алды. Телесериал 2019 жылы жарық көргенімен, Камала Харрис вице-президент болып тағайындалғаннан кейін кеңінен танылды. Басты рөлдегі Луи Дрейфустың айтуынша, әйел үміткерлер қашанда назарда. Сондықтан бұл хикаяға деген қызығушылықты арттырған. Актриса тіпті сериал түсірілімінде де гендер мәселелері туындағаны жасырмады.
Бұл хикая украиналық «Квартал 95» компаниясы түсірген «Слуга народа» хикаясын еске түсіреді. Володимир Зеленскийдің аяқ астынан мемлекет басшысына айналып кеткені туралы фантастикалық комедиясы ақыры шындыққа ұласып, бірнеше жылдан кейін Украина президенті болып сайланғаны көптің есінде. Бірақ бұл сериалдың шындыққа қаншалықты жақын болғаны бірнеше айдан соң анықталады.
Жалпы әйел президент туралы алғашқы фильм тура бір ғасыр бұрын жарық көрген. Иә, адамзат баласы қарапайым адам құқығы тақырыбын енді ғана ашық талқылай бастаған шақта Жон Блистоун «Жердегі соңғы адам» деген фильм түсірген. Фильмде АҚШ президенті – әйел адам. Әлбетте, фильмде бұл демократия мен сайлаудың жемісімен келген дүние емес. Өйткені туындыда ер адамның барлығы «маскулит» дертіне шалдығып, жер бетінен жоғалады.
Одан бері әйел президенттер туралы бірқатар фильм түсірілді. Алғашқыларын атап айтсақ, 1953 жылы Эрнестин Барер «Ай базасы жобасы», Полли Берген түскен «Президентіме арналған сүйіс» фильмі (1964), Пэтти Дьюк түскен «Көшбасшы жасасын» (1985) хикаясы бар. 1996 жылы Натали Портман Тим Бертонның «Марс жауға шапты» фильмінде президентті сомдайды. 1997 жылы Гленн Клоуз «Президент ұшағы» фильмінде президент міндетін атқарушы әйел ретінде танылады.
2000-жылдардан бері қарайғы фильмдерге тоқталсақ, ең алдымен 2006 жылы жарық көрген «Бас қолбасшы» фильмі еске түседі. Джина Дэвис фильмде конгресмен, тәуелсіз саясаткер рөлін ойнайды. Республика партиясының атынан сайлауға түсіп, президентке айналған Тедди Бриджерс тізімі бойынша вице-президент болып тағайындалады. Біраз уақыттан кейін Бриджерс ми ауруынан қайтыс болып, Джина Дэвистің кейіпкері Маккензи Аллен президентке айналады. Телесериал әйел президенттің іс жүргізуі, ер адамдар тарапынан болған шабуылдарға, қастандықтарға төтеп беруі туралы. Түсірілім аяқталғаннан кейін актриса журналистерге: «Бұл жай роль емес, үлкен жауапкершілік болды. Тек қыздар емес ұлдарға да жігер беретін туынды», – деді.
2006 жылы Патрисия Уеттиг «Абақтыдан қашу» фильмінде Кэролайн Рейнолдс есімді президентті ойнайды. Фильм желісі ерекше, өзі вице-президент болғаннан кейін Рейнолдс бұрынғы президент Линкольнды ағасының өліміне себепкер деп айыптайды. Сөйтіп өзі президентті улап өлтіріп, елдегі ең жоғарғы лауазымды иемденеді. Авторлар бұл фильмде әйелдердің амбициясын көрсеттік деген пікір айтады.
2015 жылы жарық көрген «Суперару» фильмінің сюжеті тіпті ерекше. Президент Оливия Марсдин бөгде ғаламшардан келген. Ақ үйдегі жұмысы басқа да босқындармен қатар америкалықтарды бөгде ғаламшарлықтардың соққысынан қорғау болады. Бас кейіпкерді ойнаған актриса Линда Картер Хилари Клинтонға еліктегенін айтады. «Хиларидің қаншалықты мейірімді болса, соншалық жұмысына жауапты, қатал да бола алатынын көрдім. Соған еліктедім», – дейді Картер.
1 жылдан кейін «Тәуелсіздік күні: Жандану» фильмі жарық көрді. Бұл фильм негізі 1996 жылы шыққан «Тәуелсіздік күнінің» жалғасы. Актриса Села Уард жау шабуылында отбасынан түгелдей айрылған президент Элизабет Лэнфордты ойнайды. Екінші шабуыл кезінде мемлекетті басқарып, соңына дейін күресіп қаза табады.
Көпке танымал «Карталардан салынған үй» телехикаясын айтпай кетсек болмас. 2017 жылы жарық көрген туынды әлі күнге дейін жиі көрілетін сериалдар қатарынан түспейді. Netflix драмасының соңғы маусымында Фрэнк (Кевин Спейси) пен Клэр Андервуд (Робин Райт) мемлекет басшысы лауазымына таласқа түседі. Клэр президент болып ант беріп, Фрэнк келіспей зейнетке шығады. Телехикаяның негізгі сценарийі мүлде бөлек болған деседі. Кевин Спейсидің түсірілімнен кетуі авторларды сондай шешім қабылдауға мәжбүрлеген-мыс. Дегенмен Клэр өзіне сенімді, мықты әйел ретінде көрініп, мықты президентке айналады.
Бірер жыл бұрын әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланған «Жоғарыға қарама» фильмінде де президент – әйел. Netflix-тің сатираға толы фильмінде Мерил Стрип Джейн Орлеан есімді президент болып ойнайды. Авторлар фильмдегі президент образында Хилари Клинтон мен Дональд Трампты үйлестіруге тырысқаны айқын көрінеді. Джейн Орлеан ғалымдардың сөзіне құлақ аспай, кометадан ақша тауып, пайда көруді дұрыс көреді.
Біздің топтама осындай. Адам қиялы жеткен жерге қолы да жететінін тарих талай дәлелдеді. Бәлкім, биыл режиссерлер қиялы шындыққа ұласар ма, кім білер. Бәрі 72 күннен кейін белгілі болады.
Камала Харрис – Америка Құрама Штаттарының қазіргі вице-президенті, бұл лауазымды 2021 жылдың 20 қаңтарынан бастап атқарып келеді. Ол 1964 жылы 20 қазанда Калифорния штатының Окленд қаласында дүниеге келген. Анасы – үнді иммигранты, ал әкесі – Ямайка елінен келген иммигрант. Харрис мансабын адвокат ретінде бастап, кейіннен Калифорния штатының бас прокуроры және АҚШ Сенатының мүшесі болып қызмет етті. Ол президенттік сайлау науқанына 7 сағатта 50 млн доллар жинап алды.
АҚШ президентін сайлау 2024 жылдың 5 қарашасына белгіленген. 16 шілдеде Дональд Трамп АҚШ-тың Республикалық партиясынан президенттікке кандидат ретінде тіркелген.