2025 жылға жоспарланып отырған Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейс ашу мәселесін екі тарап қызу талқылауда. 26 тамыз күні АҚШ Федералды авиациялық әкімшілігінің (FAA) өкілдері осы мақсатта елге келді. ҚР көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду Федералды авиациялық әкімшілігінің делегациясымен кездесті. Бұл жөнінде Азаматтық авиация комитеті хабарлады.
Қазақстан FAA аудитінен сәтті өтсе, 2025 жылы Қазақстанға Boeing-787 Dreamliner үлгісіндегі әуе кемелері жеткізіледі. Сарапшылар тамыз айының аяғына дейін авиация жүйесінің халықаралық стандарттарға сай екенін тексермек. Аудиторлар Air Astana-ның жағдайын да бағамдамақ.
«FAA аудиторлары Қазақстанның авиациялық индустриясының кешенділігін және ұшу қауіпсіздігін қадағалау жүйесін бағалайды. Шолу шеңберінде Air Astana әуе компаниясына техникалық сапар жоспарланған», – деді авиация комитеті.
«Курсивке» сұхбат берген Air Astana әуе компаниясының басшысы Питер Фостер Japan Airlines-пен келісім бойынша Токиоға ұшуды 2026 жылдың наурыз айында бастауды жоспарлап отырғанын айтты. Мұның бірнеше жылдан бері уәде етілген Нью-Йоркке ұшуға қатысы бар. Бірақ уақыты әлі белгісіз. Фостер егер Pratt & Whitney қозғалтқыштарында ақау болмағанда, Токиоға ұшақтар ертерек ұшатын еді деген еді.
«Нью-Йорк тарапының айтуынша, бұған жеткізуші Boeing корпорациясының кешігуі себеп болды. Өкінішке орай, өз проблемаларына байланысты бұл ұшақтарды жеткізуді 2025 жылдың соңына, ал екіншісін 2026 жылдың ортасына қалдырды. Мұндай рейсті орындау үшін кем дегенде екі ұшақ қажет», – деп түсіндірді Air Astana басшысы.
2024 жылдың қаңтарында Қазақстан авиациялық әкімшілігі FAA-мен бірлесіп АҚШ-қа тікелей рейстер ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатқаны белгілі болған. Тамыз айында Air Astana әуе компаниясының АҚШ-қа рейстер ашуды әрі кеткенде 2026 жылға қарай жоспарлап отырғаны айтылды.