Банк пен қаржы

2023 жылы Qazaq Air әуе компаниясы 43 млрд теңге шығынға ұшырады

Qazaq Air әуе компаниясының активтері де қысқарған / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Qazaq Air әуе компаниясының 2023 жылғы жинақталған шығыны 7,5 млрд теңгеге өсіп, 43 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы компания есебінде жазылған.

Құжатқа сүйенсек, әуе компаниясының кірісі 4%-ға, яғни 19,6 млрд теңгеге қысқарды.

«Кірістің азаюының негізгі себебі халықаралық ұшу бағдарламасының қысқаруы», – деп жазылған құжатта.

Компанияның жарғылық капиталы 34,2 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш айтарлықтай өзгермеген. Ал қысқамерзімді сауда және басқа кредиторлық берешегі 1,5 млрд теңгеден 1,4 млрд теңгеге қысқарған.

Бұл ретте тасымалдаушының қысқамерзімді активтері 8,4 млрд теңгеден 6,8 млрд теңгеге азайған.

Qazaq Air – «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компаниясы, бас хабы Астана аэропортында орналасқан. Қазақстан және көрші мемлекеттердің шекаралас аумақтарында өңіраралық әуе қатынасының қауіпсіздігі мен қолжетімділігін арттыру үшін құрылған.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың тамызында «Самұрық-Қазына» «Qazaq Air» АҚ акцияларын сатуға шығарды. Қазақстандық әуе тасымалдау нарығын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер қарастыруға, әуе компаниясының ұшу географиясын кеңейтуге, флотты ұлғайтуға және инновациялық шешімдерді енгізу мақсатында жеке инвесторды тарту қарастырылатыны айтылды.

2023 жылдың қарашасында Көлік министрі Марат Қарабаев Вьетнамның VietJet Air компаниясы QazaqAir-ді сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын.

Ал Қазақстан-Сингапур бизнес форумы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев вьетнамдық SOVICO Group компаниясының Qazaq Air әуе компаниясын жекешелендіруін құптайтынын жеткізді.