Уоррен Баффет Bank of America-дағы үлесінің бір бөлігін шамамен 1 млрд долларға сатты
Berkshire Hathaway компаниясы Bank of America ( BofA)-дағы үлесін азайтып жатыр. Уоррен Баффеттің инвестициялық компаниясы соңғы үш сауда сессиясында өзі «жақсы көретін» банктің акциялар пакетін шамамен 1 млрд долларға сатқаны туралы есеп берді. Шілде айының ортасынан бері Berkshire BofA-дағы үлесін шамамен 13%-ға қысқартты.
Толығырақ
Berkshire Hathaway 23-27 тамыз аралығында BofA акцияларын 982 млн долларға сатты. Осылайша, АҚШ-тың екінші ірі банкіндегі инвестицияларын қысқартуды жалғастырып жатыр. Бұл туралы инвесткомпанияның есебінде жазылған. Bloomberg-тің есебінше, Berkshire шілденің ортасынан бері Bank of America акцияларының шамамен 13%-ынан құтылып, жалпы 5,4 млрд доллар пайдаға кенелген.
Баффет өзінің Bank of America-дағы үлесін не үшін азайтып жатқанын ашып айтпады. Әйтпесе, ол бұл акциялардан айтарлықтай пайдаға кенеліп келген еді. «Омаха оракулы» банкке инвестиция салуды 2011 жылы бастады. Ол кезде бұл қағаздар 5 доллардан сатылған-ды. 2024 жылдың басынан, яғни Berkshire шілденің ортасында BofA акцияларын сата бастағанға дейін, акциялар 31%-ға өсті, одан кейін 10%-ға төмендеді.
Баффетт BofA-ға қалай инвестиция салды?
2011 жылы аты аңызға айналған инвестор Bank of America-ның 5 млрд долларлық артықшылықты акцияларын сатып алды. Баффеттің осынау сенімі банкті қиын уақытта демеп жіберді. 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан кейін BofA міндеттемелердің көбеюімен бетпе-бет келіп, акционерлер бұл жағдайдан банк капиталына қалай әсер ететіні туралы көбірек алаңдай бастады. Баффеттің BofA-ға мойын бұруы оның банк басшылығының жаһандық дағдарыстан кейінгі бизнесті қалпына келтіру қабілетіне деген сенімін көрсетті.
Berkshire одан кейінгі онжылдықта BofA-ға инвестиция салуын жалғастырды. Өткен жылы Баффет қаржы секторындағы ставкаларды түзетіп, кейбірінен қол үзген кезде, ол BofA-ны әлі де басымдық беретін банктердің бірі ретінде атады. Инвестор 2023 жылдың сәуірінде CNBC телеарнасына берген сұхбатында бұл акцияларды сатуды жоспарлап отырмағанын айтты.
17 шілдеде Berkshire BofA-дағы позициясын 4,5 жылда алғаш рет қысқартты. Содан кейін оны қатарынан 12 сауда сессиясында, яғни 1 тамызға дейін төмендетті. Нарық бұл шешімді банк секторындағы компаниялардың «салықтық мәселелерімен» немесе «жоғары» бағалауларымен байланыстырды. Barron’s пікірінше, Баффет BofA-ның және бүкіл сектордағы баға белгілеулерінің жақындағы өсуін пайдаланбақ. Дегенмен Berkshire сата бастаған сәттен бастап BofA акциялары баламалы акциялардан артта қалып отыр. 15 тамызда, екі апталық үзілістен кейін, Баффетт банктің қағаздарын сатуды қайта бастады және үлесін 12%-ға дейін дейін төмендетті.
Есептерге сәйкес, Баффеттің инвестициялық компаниясы Bank of America-ның ең ірі акционері болып қала береді. Ол 35,9 млрд долларға тең 903,8 миллион қағазға ие. Бұл көлемі жағынан Berkshire-нің инвестициялық портфеліндегі Apple-ден кейінгі екінші орын болып саналады.
Одан әрі не болмақ?
Barron’s жазғандай, енді Баффетт сатуды қашан тоқтатады деген сұрақ туындайды. Басылымның болжамынша, аты аңызға айналған инвестор Bank of America-дағы үлесі 10%-ға дейін төмендеген кезде тоқтауы мүмкін. Сол кезде Berkshire қазір істеп жүргеніндей реттеушіге банктің акцияларына қатысты мәмілелер туралы екі жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті болмайды.
Wells Fargo сарапшысы Майк Майо шілде айының соңында BofA туралы оң пікір білдірді. Оның айтуынша, банк таза пайыздық кірісті ұлғайтудан, яғни ішінара өтеу мерзімі аяқталған төмен кірісті облигациялардан түскен қаражатты қайта инвестициялау арқылы пайда көруге тиіс.
Акциялардың жайы
FactSet мәліметтері бойынша, BofA акцияларының орташа мақсатты бағасы 45,8 долларға тең – биржалық бағадан 15%-ға жоғары. Банк қызметін қадағалайтын 26 сарапшының 13-і қағаздарды сатып алуға кеңес беріп отыр. Қалғандары акцияларды сақтауды ұсынды.
Өз кезегінде Berkshire 1 трлн долларлық капиталдандыруға қол жеткізген әлемдегі тоғызыншы компания болуға жақын. 27 тамызда Нью-Йорктегі сауда-саттық жабылған кезде инвестициялық компанияның нарықтық құны шамамен 993 млрд долларға тең болды, деп жазды Dow Jones Market Data деректеріне сілтеме жасаған MarketWatch. Осы жылдың басынан бері Berkshire 218 млрд долларға қымбаттады. FactSet-тің Berkshire-ге берген консенсус-рейтингі қазір «нарықтан жоғары». В класындағы акциялар бойынша таргет қазіргі бағадан 3,5%-ға жоғары.