Банк пен қаржы

Bank RBK мемлекеттік қолдау ретінде берілген 16,6 млрд теңге қаржыны мерзімінен бұрын қайтарды

Bank RBK жалпы сомасы 29,6 млрд теңге қаржыны мерзімінен бұрын өтеді / Facebook/BankRBK, бильд-редактор: Аружан Махсотова

«Bank RBK» АҚ Қазақстан Республикасы банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы шеңберінде алынған 16,6 млрд теңге қаражатты ішінара мерзімінен бұрын өтеді. Бұл туралы қаржы ұйымы хабарлады.

Тиісті шешімді банк акционерлері 2023 жылғы қызметтің қорытындылары бойынша қабылдаған. Қаржы ұйымы 2017-2018 жылдары аталған бағдарлама шеңберінде өтеу мерзімі 2032 жылғы қарашада басталатын реттелген облигацияларды шығару және орналастыру арқылы қаражат тартты.

«Бұған дейін 2022 жылдың қорытындысы бойынша банк 13 млрд теңгеге жуық мемлекеттік қаражатты мерзімінен бұрын қайтарған болатын», – деп хабарлады қаржы институты.

Осылайша банк жалпы сомасы 29,6 млрд теңге қаржыны мерзімінен бұрын өтеді. Сондай-ақ, 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін мемлекеттен алынған қаражат бойынша 58,8 млрд теңге көлемінде купондық сыйақы төледі.

«Осы қаражат қайтарылғаннан кейін банк ірі корпоративтік клиенттердің, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің және бөлшек клиенттердің жобаларын қаржыландыру бойынша белсенді кредиттік қызметті жалғастырады», – деп жазылған хабарламада.

Айта кететіні, 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша коммерциялық банктер арасында корпоративтік несие портфелінің көлемі бойынша Bank RBK 8-орын, капиталы бойынша да – 8-орын, активтері бойынша – 10-орында.

Қазіргі кезде Қазақстандағы 5 банктің балансында 1,5 трлн теңгеге жуық мемлекеттік көмек бар. Олар: БанкЦентрКредит, Еуразиялық банк, Bank RBK, Jusan Bank және Nurbank. Бұл көмек қаржыны 2017 жылғы сауықтыру бағдарламасы аясында ҚР Ұлттық Банкі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ берген.

АҚ акцияларының 89,8%-ы Владимир Кимге қарасты KSS FINANCE компаниясына, ал 6,5%-ы басқарма төрағасы Наталья Акентьеваға тиесілі.