Париж 2024: Паралимпиада ойындары қашан және қайда өтеді?

Жарияланды 28 Тамыз 2024 10:02

(жаңартылды 28 Тамыз 2024 10:33)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Паралимпиада ойындары қашан және қайда өтеді? / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Францияның Париж қаласында ұйымдастырылған жазғы Паралимпиада ойындары ел астанасында алғаш рет өткізілмек. Бұған дейін Париж ешқашан Паралимпиада ойындарын қабылдамаған. Бұл сынға әлемнің түкпір-түкпірінен 167-ге жуық мемлекет қатысады. Осы елдерден шамамен 4400-дей спортшы бақ сынасып, өзара мықтыны анықтайтын болады. Оның ішінде Қазақстан атынан 44 спортшы бар. Бұл туралы туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметіне сүйінсек, 2024 жылдың 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде өтетін XVII Паралимпиада ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 9 түрінен 33 жолдама еншілеген болатын. Төртжылдықтың басты додасында барлығы 22 спорттан 549 медаль жиынтығы сарапқа салынса, биыл еліміз рекордтық лицензияға қол жеткізді.

Осыған дейін Қазақстан Паралимпиада ойындарына жеті рет қатысқан. Еліміз бойынша

  • 1996 жылы Атланта жарыстарына 12 спортшы,
  • 2000 жылы Сиднейде 2 спортшы,
  • 2004 жылы Афины қаласында 8 спортшы,
  • 2008 жылы Бейжіңде 3 спортшы,
  • 2012 жылы Лондонда 7 спортшы,
  • 2016 жылы Рио-де-Жанейрода 11 спортшы
  • 2021 жылы Токиода 27 спортшы қатысты.

Ал осы жылы паралимпиадашылар қатары едәуір өсіп, ел тарихындағы жаңа рекордтық көрсеткішті орнатты. Одан бөлек, биыл жазғы ойындарда алғаш рет ел намысын пара үстел теннисінен Али Махулбеков қорғайтын болады. Сондай-ақ Паралимпиада ойындарын 1996 жылы бастаған волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама мүшелері араға 28 жыл салып жазғы ойындарға қайта оралды.

Ашылу салтанаты

Паралимпиада ойындарының ашылу салтанатын 28 тамыз күні 23.00-де «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарынан көре аласыздар. Аталмыш доданың шымылдығы Париждың жүрегі саналатын әйгілі Champs-Élysées бульвары мен Place de la Concorde алаңында ашылады. Бұл орындар Францияның тарихы мен мәдениетінің символы ретінде, Паралимпиада ойындарына қатысушыларды және қонақтарды қарсы алуға арнайы таңдалған. Франция төрінде туымызды волейболды отырып ойнау спортынан ұлттық құрама мүшесі Берік Ізмағанбетов пен пара оқ атудан Севда Алиева алып шығады.

Ойын нысандары

Олимпиадалық нысандардың басым бөлігі Паралимпиада ойындары үшін де қолданысқа беріледі. Қазақстан ұлттық құрамасы жазғы ойындарда 9 спорт түрінен 9 нысан бойынша өнер көрсетеді. Жарыс алаңдары спортшылардың мүмкіндігіне қарай паралимпиадалық қалашыққа жақын орналасқан. Тек пара оқ ату мемлекет астанасынан тыс жерде 2 сағаттық жолды қамтитын, Шотару қаласында өтеді. Атап айтсақ:

29, 30, 31 тамыз – Пара таэквондо – Grand Palais,

29, 31, 2, 5, 6 қыркүйек – Волейболды отырып ойнау – North Paris Arena

30, 31, 4, 5 қыркүйек – Пара жеңіл атлетика – Stade de France

31, 1, 4, қыркүйек – Пара оқ ату – Chateauroux Shooting Centre

1, 3, 4, 5, 6 қыркүйек – Пара жүзу – Paris La Defense Arena

1, 2, 4, 6,7 қыркүйек – Пара үстел теннисі – Suth Paris Arena

5, 7 қыркүйек – Пара паэурлифтинг -Porte de La Chapelle Arena

5,6, 7 қыркүйек – Пара дзюдо Champ – de Mars Arena

6, 7 қыркүйек – Пара каноэ Vaires-sur- Marne-Nautical Stadium

Айта кетейік, 2021 жылы Токиода өткен Паралимпиада ойындарында Қазақстан 1 алтын (Давид Дегтярев), 3 күміс (Ануар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатина), 1 қола (Нұрдәулет Жұмағали) медаль иеленген. Бұл ойындарға ел атынан 7 спорт түрінен 26 спортшы қатысқан.

Сондай-ақ оқыңыз