2019-2023 жылдары ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы арқылы мемлекет қаржыландырған фильмдердің экономикалық табыс көрсеткіші 16,69%-ды құрайды. Бюджет қаражатына түсірілген 100 фильмнің 19-ы ғана прокатқа шығып үлгерген.
Жоғары аудиторлық палата республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінің қорытындысында мемлекет қаржыландырған 2016-2023 жылдардағы отандық фильмдер бойынша деректерді жариялаған.
Қаржыны кім бөледі?
2016-2023 жылдар аралығында мемлекеттік қаржыландыру екі ұйым – Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы және «Қазақфильм» арқылы жүзеге асырылған. 2019 жылы жарық көрген «Кинематография туралы» заңға сәйкес, «Қазақфильм» өз функциясынан айырылып, қаржыландыру тек Киноны қолдау орталығы жасалатын болды. Дегенмен «Қазақфильмнің» қаржыландыру мүмкіндігі тек 2022 жылы ғана толық жойылған.
«Қазақфильмде» таңдалған фильмдер табысы
Жалпы 2016-2023 жылдар аралығында бюджеттен 222 картинаны түсіруге қаражат бөлінген. 2016-2022 жылдары «Қазақфильм» 122 фильмге 24,6 млрд теңге бөлді, оның 17-сі прокатқа шықты. Кино қолдау орталығы 2019-2023 жылдары 100 фильмге 17,7 млрд теңге берді, оның 19-ы көрерменге жол тартты.
«Қазақфильм» арқылы қолдау көрсетіліп, жарыққа шыққан 17 картинаға жалпы 14,6 млрд теңге бөлінді, кассадан 695,1 млн теңге жинады. Осылайша орташа экономикалық табыс көрсеткіші 4,78% деңгейінде.
2016-2022 жылдары «Қазақфильм» арқылы ақша бөлінген ең сәтті фильмдер екі тарихи дастан – «Алмас қылыш» және «Томирис». Сондай-ақ қазақ музыкасын Еуропа жұртына таныстырған Әміре Қашаубаев туралы «Әміре» биопикасы.
Қарт Ағатайдың бала асырап алуы туралы «Әруақ» картинасына 300 млн теңге жұмсалып, 7 мың теңге табыс әкелген. Режиссер Әділхан Ержановтың «Түнгі Құдай» фильміне 100 млн теңге шығындалып, 3 мың теңге касса жинаған.
Жоғарғы аудиторлық палата жалпы 297,3 млн теңге жұмсалған үш картинаның аяқталғанын, бірақ кинотеатрларда көрсетілмегенін атап өтті. Әңгіме «Оазис», «Құмдағы іздер» және «Шыңырау» кино картиналары туралы болып отыр. «Оазис» – табиғаты мен өмірге деген көзқарасы жағынан түбегейлі ерекшеленетін, шөлдегі оазисте кездескен екі жас туралы фильм. «Шыңырау» Әбіш Кекілбаевтың повесі желісімен түсірілген құдық қазушы Ермектің бастан кешкен оқиғасы. «Оазис» пен «Шынырауды» онлайн көруге болады.
2019 жылы қабылданған «Кинематография туралы» Заңға сәйкес, мемлекет қаржыландыратын барлық фильм өндірістен немесе кинофестивальдерде көрсетілгеннен кейін бірден жариялануға тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайда режиссерлер инвестицияланған ақшаны қайтаруға міндетті. 2019 жылға дейін мемлекетке қаржыны қайтарып бермес үшін фильмді фестивальдерге апарып, прокатқа шығармай-ақ қоюға болатын еді.
«Жалпы сомасы 7 млрд 423 млн теңгеге түсірілген толықметражды көркем фильмдерге ақпарат ұсынылмаған. 1 млрд 807 млн теңге сомасындағы деректі фильмдер негізінен телеарналарда және іс-шараларда көрсетілуге арналған, 630 млн теңге сомасындағы анимациялық фильмдер телеарналарда көрсетілуге арналған, 189,4 млн теңге сомасындағы қысқаметражды көркем фильмдер кинофестивальдерде көрсетілуге арналған», – делінген «Қазақфильм» қаржыландырған картиналар туралы аудиторлық палата есебінде.
«Қазақфильм» ұлттық киностудиясы бірқатар қаржыландырылған картиналар бойынша ақпарат болмауын кино түсіру процесінің ерекшелігімен түсіндірген.
«Өндіріс циклі бірнеше жылға созылуы мүмкін. Мәселен, картина ауыспалы болған жағдайда. Шығармашылық компонент экономикалық және өндірістік жағынан басым тұрады. Мысалы, режиссер бастаған шығармашылық топтың жоспары бойынша картинаны толықтыру үшін бүкіл жыл, атап айтқанда жаз, күз, қыс, көктем кадрда көрсетілуі керек. Осылайша, өндірістік цикл бірнеше жылға созылуы мүмкін», – деп түсіндірді «Қазақфильм».
Ұлттық киноны қолдау орталығы кімге көмектесті
Орталық қаржыландырған кинокартиналардың жалпы бюджетінің кассалық түсімге қатынасы 16,69%-ды құрады. Бұл 19 фильм үшін орташа көрсеткіш, оған жалпы алғанда 6,7 млрд теңге жұмсалған фильмдерден 1,1 млрд теңге табыс болған.
«Кинематография туралы» заңға сәйкес, прокатқа шыққан фильм өндірушілері прокат пен жарнамадан түскен кірістерді 80/20 пайыздық қатынаста бөлуге міндетті. 20% – фильм орталыққа, 80% – фильмді ұсынған кинокомпания алады «, – деп еске салады орталықтың киножобалар мониторингі жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шүкенов.
Ол фильм режиссерлері орталыққа прокаттан түскен табыс туралы есеп беруі керек екенін айтады. Тараптар арасындағы шартта арнайы шоттағы ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есептер орталыққа тоқсан сайын беріледі деп көзделген.
Орталық қолдаған «Дос-Мұқасан» музыкалық ансамблі туралы фильмге 425 млн теңге жұмсалып, 10 аптада кассалық түсім 503 млн теңгені құрады. «Ауылкемп» лагері туралы «Оff-line демалыс 2» фильмі бюджеттен 38 млн теңге алып, 95 млн теңге касса жинаған.
«Жалпы сомасы 10 млрд 918,2 млн теңге болатын көркем фильмдерге ақпарат жария болмаған», – деп жазады аудиторлар.
Бауыржан Шүкенов фильмдер туралы ақпарат болмаған жағдайда олардың қазір кинофестивальдерді аралап жүргеніне айтады. Шетелде көрсетілген фильмдер үлкен экранға шығуға міндеттеледі.
Мысалы, 2020 жылы 100 млн теңге қаржыға түсірілген «Братья» фильмі 2024 жылдың тамызында жарық көрген. Бұған дейін режиссер Дархан Төлегеновтің картинасы XVI Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде, Hainan Island International Film Festival және Oldenburg International Film Festival фестивалінде көрсетіліп, 15-тен астам әлемдік марапаттарға ие болған.
Аудиторлар кассалық түсімдер мен басқа да мәліметтерге қатысты отандық фильмдердің бірыңғай дерекқоры жоғына ерекше назар аударды. «Кинематография туралы» заңға сәйкес фильмдерді бақылаудың бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі 2021 жылдың соңында пайда болуы керек еді, бірақ әлі күнге дейін жасалған жоқ. Сондықтан аудиторлар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне осы мәселені қайта қарауды ұсынған. Тағы бір ұсыныс – кинокартиналарды көрсететін кинотеатрлардың табыстан түсетін үлесін заңнамалық тұрғыда реттеу.
«Кинокартиналарды прокатқа шығарудын әлемдік тәжірибесінде кинотеатр әдетте фильмнің кассалық түсімінің 50% үлесін алады, ал Қазақстанда кинотеатрлар 50%-дан көп алатын жағдайлар бар», – делінген аудиторлар есебінде.