Алматыда электросамокаттардың қозғалысы GPS арқылы қадағалануы мүмкін. Бұл жайлы Алмалы ауданының халқымен кездесу барысында қала әкімі Ерболат Досаев айтты.
«Электросамокаттардың қозғалысын рететтейтін жол ережесі қолданысқа енді. Бірақ соған қарамастан, қала көшелерінде электросамокаттардың қозғалысы бейберекет. Самокатты жалға алу құны уақытына қарай есептелетіндіктен, самокатшылар көп жағдайда асығып жүреді. Ал полицияның мұндай көлемдегі самокат жүргізушілерінің қозғалысын қадағалай алмайтыны анық. Осы орайда қала басшысы ретінде бұл мәселені реттеу үшін қандай шаралар қолданып жатсыздар?», – деп сұрады қала тұрғыны.
Қала әкімі бұл мәселені реттеу үшін арнайы заң қабылданғанын, сол заң аясында тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Өздеріңіз білесіздер елімізде арнайы заң қабылданды. Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігі бұл мәселені реттеу үшін тиісті шаралар жүргізіп жатыр. Алматы әкімдігі құзырлы органмен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. ІІМ-ге бұл мәселеге қатысты өз ұсынысымды енгіздім. Меніңше, самокаттар қозғалысын, оны жалға беретін компаниялар реттеуі керек. Яғни бұл компаниялар электросамокаттардың жол қозғалысын өз жауапкершілігіне алуы керек», – деді әкім.
Досаевтың айтуынша, электросамокаттардың қозғалысын GPS арқылы реттеп отыруға болады. Мұндай тәсілмен самокат жүргізушілерінің қозғалысын жалға беретін компаниялардың өзі қадағалай алады. Әкім жылдамдықты арттырған самокатшыларды GPS арқылы бақылап отырып, оны шектеу мүмкіндігі бар екенін айтады.
«Дәл солайша навигация көмегімен олардың тротуармен немесе өзіне тиесілі жолмен жүріп бара жатқанын да анық көруге болады. Алдағы уақытта заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіліп, жағдай реттеледі деп ойлаймын. Бұл шаралар күзге жоспарланып отыр», – дейді Досаев.
Еске сала кетсек, электросамокаттардың қозғалысын реттейтін заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 30 маусымында қол қойған болатын. Заңға сәйкес электросамокаттың максималды жылдамдығы сағатына 25 км-ден аспауы керек.
Сонымен бірге бұл заң бойынша кәмелекте толмағандардың электросамокат айдауына тыйым салынған. Ал электрсамокатпен жүру ережесін бұзғандарға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Үкіметтің бұл заңды енгізуіне елдегі самокаттарға қатысты оқыс оқиғалар себеп болды. Атап айтқанда, 2023 жылдың 5 айында самокатқа қатысты 44 оқиға тіркелген. Ал 2022 жылы электросамокатқа қатысты жол көлік оқиғасы кезінде 1 адам қайтыс болған.