Қазақстандықтар жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға онлайн өтініш бере алады. Бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин айтты.
Вице-министр жұмыссыздық бойынша төлемдерді онлайн тіркеу туралы әлеуметтік желілерде тараған видеоларға қатысты түсініктеме берді.
«Иә, шын мәнінде, жұмысынан айырылу туралы төлемді Enbek.kz сайты арқылы онлайн рәсімдеуге болады. Ол үшін жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Мұны сол сайт арқылы жасауға болады. Бұл ретте әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болу қажет, яғни жұмыс беруші сіз үшін әлеуметтік аударымдарды жүзеге асыруы керек», – деді Анафин орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте.
Төлемнің өзі соңғы 24 айдағы орташа айлық табыстың 45% мөлшерінде белгіленеді. Қатысу ұзақтығына байланысты 1 айдан 6 айға дейінгі мерзімге тағайындалады.
«Биылғы жылдың 7 айында 200 мыңға жуық азамат төлем алды. Оның орташа мөлшері 78 мың теңге. Бүгінде жұмыссыздар саны 451 мың адам. Егер өткен жылдың осы тоқсанымен салыстыратын болсақ, динамиканың өспегенін байқаймыз. Өйткені былтыр 452 мың адам болған«, – деп түсіндірді Олжас Анафин.
Сондай-ақ ол соңғы екі жылда кімнің жалақысы жоғары болса, оған бұрынғы тапқан табысының 45%-ы төленетінін айтты.
Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,7%. Жұмыссыздар саны 452,2 мың адамды құрады. Жұмыс істемейтін және білім алумен немесе оқумен айналыспайтын NEET жастардың үлесі 7,3%-ды құрады.
127,8 мың адам жұмыссыздар ретінде ресми тіркелген
Жұмыспен қамту органдарында 127,8 мың адам жұмыссыздар ретінде ресми тіркелген. Бұл 2023 жылғы желтоқсан айының соңындағы көрсеткіш. Тіркелген жұмыссыздардың үлесі 2022 жылдың IV тоқсанымен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа өсті. Ал жұмыс күшінің санынан 1,8%-ды құрады.
15 пен 34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,5% шамасында.