«Өскемен титан-магний комбинаты» 2023 жылғы 4,07 млрд теңге таза табысының тек 2.25%-ын дивиденд ретінде ретінде төлемек. Акционерлердің жалпы жиналысында таза пайданың 91,7 млн теңгесін дивиденд ретінде төлеу туралы шешім шығарылған. Ал 3,98 млрд теңгесі комбинаттың өзінде қалады.
28 тамызда өткен жиналыста комбинат акционерлері 2023 жылғы қаржы есебі мен таза табысын бөлу тәртібін бекіткен. Соған сәйкес компания акционерлерінің есепшотына 91,7 млн теңге аударылса, 3,98 млрд теңгесі комбинатты техникалық қайта жарақтандыру, ғылыми-зерттеу жұмыстары және негізгі құралдарды сатып алуға жұмсалмақ.
Комбинат 2023 жылы дайын өнімді сатудан 81,8 млрд теңге түсім алған. Соның 45,8 млрд теңгесі негізгі 3 клиенттен түскен. Ол жалпы кірістің 56%-ын құрады.
Былтыр түскен түсім 2022 жылмен салыстырғанда 8,15 % артық. Комбинатты техникалық қайта жарақтандыру мен ғылыми-зерттеуге кеткен шығын 9 млрд теңгеден асады. Жөндеу жұмыстарына 5,5 млрд теңге жұмсалған. Басқа да шығыстарды есепке алғанда, былтырғы таза табыс 4 млрд теңгені құрады.
Кәсіпорын түсті металдар, жанама өнім өндіріп сатады. Тауарлы өнімнің негізгі түрлері: кеуекті титан, құймалардағы магний, титан құймалары мен қорытпалары, ванадий пентоксиді.
Әлемде Қытай, Аустралия, Канада және Оңтүстік Африка титан шикізатын негізгі өндірушілер саналады. Тіпті Қытайдың үлесі 35%-ға жетті. Алайда кейінгі кезде бұл нарықта жаңа ойыншылар пайда болып, Иран, Оман, Сауд Арабиясы мен Жапония жаңа даму орталықтарына айналды.
Ал қазақстандық комбинат – кеуекті титан мен титан құймаларын шығаратын әлемдегі ең ірі өндірушінің бірі. Зауыт өнімі 100% экспортталады. Қазақстандық титанның аэроғарыш өнеркәсібіндегі үлесі 20%-дан асады. Кәсіпорын өндіретін титанның басым бөлігі АҚШ пен Францияға экспотталады.
Қор биржасында комбинаттың 1 942 380 акциясы айналымда жүр. Кәсіпорын акционерлері тізімінде 6 компания тұр. Негізгі акционері – 47,22% акцияға иелік ететін Specialty Metals Holding Company. Ол Брюссель қаласында тіркелген. Түпкі иесі – Specialty Metals Holding-тің басқарушы директоры Йохан Дюмон.
2024 жылдың 4 наурызында титан диоксиді, титан сынықтары мен сублимациялық сия, сондай-ақ трансформатор өндіруге керек бірқатар шикізатты Қазақстанға баж салығынсыз әкелу уақыты ұзарғаны белгілі болды. Соның ішінде титан диоксидін әкелуге 5% мөлшердегі бірыңғай кедендік тарифтің орнына, нөлдік уақытша баж тағы 2 жылға ұзартылған. Бұл зат титан құймалары мен қорытпаларын өндіруде қолданылады. Қазақстанда оны Өскемен титан-магний комбинаты тұтынады.
Қазақстанда титан диоксиді өндірілмейтіндіктен, комбинат оны шетелден сатып алады. 2022 жылы комбинат шикізат пайдалану көлемін екі есе арттырған. Бес пайыздың орнына импорттық кедендік баждың нөлдік ставкасы дайын өнімнің өзіндік құнын төмендету мен өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарланған.