Ұлттық банк қыркүйекте Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін 900 млн доллардан 1 млрд долларға дейін валюта сатпақ. Оған қоса «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын 230-250 млн долларға сатып алу жоспарланған. Яғни қордан сатылатын валюта көлемі тамыз айындағы көрсеткіштен екі есе артады.
Өткен айда Ұлттық қордан 546 млн долларға тең валюта сатылған. Одан түскен қаржы республикалық бюджетке құйылады. Сонымен қатар «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын сатып алуға қордан 241,5 млн доллар жұмсалған. Осы айда алтын-валюта резервтерінен 230 млн доллардан 250 млн долларға дейін валюта сату жоспарланған.
Валюта нарығы туралы хабарламаға сәйкес, тамызда Ұлттық қордан сатылған валюта үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 12%-ын құраған. Күндік сауда 26 млн доллардан аспаған.
Маусым айында Үкімет республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қордың қаражатын «Қазатомөнеркәсіп» акцияларына салуға рұқсат бергені белгілі. Содан кейін Ұлттық банк «Қазатомөнеркәсіптің» акцияларын 467,4 млрд теңгеге сатып алатынын хабарлады. Осы мақсатта Ұлттық қордағы 970 миллион долларға тең валютаны сатады.
Акцияларды сатып алу бойынша алғашқы мәміле 20 шілдеде Ұлттық Банк пен «Самұрық-Қазына» қорының арасында жасалған. Нәтижесінде «Қазатомөнеркәсіптің» 62,9% акциясы «Самұрық-Қазына» қорына, 12% – ҚР Қаржы министрлігіне, 24,34%-ы жеке инвесторларға тиесілі болды.
Тамызда теңге бағамы қандай болды?
Тамыз айында теңге 1,6%-ға әлсіреген. Бұл айда доллардың ұлттық валютаға шаққандағы бағамы 481,61 теңге деңгейінде қалыптасты. KASE-дегі күндік орташа сауда-саттық көлемі бір айда 170 млн доллардан 210 млн долларға дейін жеткен. Жалпы сауда-саттық көлемі 4,4 млрд долларды құраған.
Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында тамызда 223 млн долларды сатып алды. Бұл жалпы нарық көлемінің шамамен 5%-ына тең.
«2024 жылғы қыркүйекте БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 450 млн доллардан 550 млн долларға дейінгі мөлшерде валюта сатып алу күтілуде», – делінген ҰБ хабарламасында.