Қытай автокөлік нарығында сауда бәсеңдеді. Соған қарамастан BYD сатылымы рекордтық деңгейге жетті

Жарияланды 2 Қыркүйек 2024 17:01

(жаңартылды 2 Қыркүйек 2024 17:42)
Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
BYD: гибрид көліктер сатылымы 48%-ға, ал электромобильдер саудасы 12%-ға өсті / Фото: Shutterstock

Қытайдың автокөлік нарығында сауда бәсеңдеді. Алайда BYD компаниясы тамыз айында көлік саудасын арттырып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл туралы CNBC порталы хабарлады.

«Бірақ бұл инвесторлардың көңіл-күйіне әсер еткен жоқ. Компания сауданы арттырса да, BYD акциялары 3% арзандады», – деп жазылған ақпаратта.

Жалпы BYD тамызда 370 854 көлік сатқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға жоғары. Бұл ретте гибрид көліктердің сатылымы 48%-ға, ал электромобильдер сатылымы 12%-ға өсті.

«Build Your Dreams» темір тұлпарларының саудасы жыл басынан бері артып келеді. Ал оның бәсекелесі – Tesla сатылымы бәсеңдеді. Оған Илон Маск шығарған көлік саудаға шығарылатын негізгі нарықтар – Қытай мен Еуропадағы сатылымның төмендеуі ықпал етіп отыр.

«2024 жылдың екінші тоқсанында қытайлық компания сатқан электрокөліктер саны да рекордқа жетті – шамамен 1 млн көлік», – деп хабарлады Bloomberg News.

Bloomberg News мұндай нәтижелерді өндірушінің жыл басында көптеген модель бағаларын төмендеткенімен байланыстырды.

Жыл соңына дейін BYD толық электрокөліктер жеткізуде Tesla-ны басып озуы мүмкін деп жазды Counterpoint Research. BYD-тің екінші тоқсандағы сатылымы бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 21%-ға өсіп, 426 мыңға жетті. Ал Tesla-ның сатылымы 4,8%-ға төмендеп, 444 мыңды құрады.

Еске сала кетсек, жуырда БАӘ-де Toyota Camry 80 сатылымға шығарылды. Қазақстан нарығына аталған авто әлі ресми жеткізілген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз