Lifestyle

Mecenat-2024 әдеби сыйлығының жеңімпазы анықталды

Сәуле Досжан Mecenat әдеби сыйлығының жеңімпазы атанды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан туралы ең үздік роман байқауында Сәуле Досжан Mecenat әдеби сыйлығының жеңімпазы атанды. Қаламгер ай сайын өмір бойына 500 доллар сыйақы алатын болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл барлығы 40 роман жіберілді. Оның 17-сі қазақ тілінде, 23-і орыс тілінде. Бір роман алыс шетелден келді. Авторлардың арасында 10-ға жуық кәсіби жазушы, 7 әйел, 2 университет студенті бар.

Mecenat.kz жобасының негізін қалаушы Ерлан Аскарбековтің айтуынша биыл байқауға ұсынылған туындылардың сапасы біршама жақсарған. Техникалық талаптарға қатысты тәртіп бұзушылық айтарлықтай азайған. Кәсіби филолог-ридерлер әр шығарманы толықтай оқып шығып, 5 балдық жүйемен баға берді. Бұл – алғашқы іріктеу. Екінші іріктеуге танымал жазушылар Жүсіпбек Қорғасбек пен Илья Одегов суперридер ретінде қатысып, қазақ тіліндегі 8 роман, орыс тіліндегі 5 романды оқып сараптап шықты. Нәтижесінде қазақ тілінде үш роман және орыс тілінде жазылған үш роман іріктеліп алынды.

Олардың ішінде:

1) «Көктегі көлеңке», Қылышбеков Темірлан Бақытбекұлы
2) «Құндыз», Райымқұлова Гүлсара Дәулетқызы
3) «Өмір бәйтерегі», Досжан Сәуле Мағазбекқызы
4) «Алмас есіктер», Воронцов Эльдар Олегович
5) «Аманта Сари, немесе алқызыл және ақ раушандар соғысы», Тоқсанов Нұрлан Нұрпейісұлы
6) «Оралу», Омар Әсел Талғатқызы

Осылайша, Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» шығармасы Қазақстан туралы ең үздік роман атанып, ай сайын 500 доллар көлеміндегі өмір бойғы сыйақыны ұтып алды. Айта кетейік, жобаға қазақстандық қаржыгер Тимур Турлов, сондай-ақ Freedom Finance Global PLC және Freedom Shapagat корпоративтік қоры қолдау көрсетті.

Еске сала кетейік, былтыр тұңғыш рет дарынды жастарға мемлекеттік қолдау көрсету, ақын-жазушылардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы табысталған еді.