Жоспардан 1 жыл кешігеді: жаңа Салық Кодексі 2025 жылдың жазында дайын болмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Жаңа Салық кодесі 2026 жылы өз күшіне енеді / Коллаж kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Жаңа Салық кодексі 2025 жылдың шілдесіне дейін қабылданып, 2026 жылдың 1 қаңтарынан өз күшіне енуі мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында вице-премьер – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлім етті.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі жолдауында осындай маңызды құжатты қабылдауда «асығыстыққа жол беруге болмайды» деген болатын. Мемлекет басшысы жаңа заңды қабылдауды кейінге қалдыруды ұсынған.

Президенттің пікірінше, жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Осы ретте мемлекет басшысы Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды екенін атап өтті.

Байбазаровтың айтуынша, келесі жылы толық дайын болатын Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енбек. Министр жаңа заңды жоспардан кешіктіріп қабылдау қажетті актілерді әзірлеу және Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін дайындауға ықпал деп есептейді.

Сонымен қатар Байбазаров құжатты әзірлеу аясында жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемесін белгілеу, банк секторы акционерлерінің дивидендтеріне әділетті қосымша салық салу, салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру, салық режимдерін қолайды ету басты назарда болатынын айтып өтті.

Кәсіпкерлерге жағдай жасау, сондай-ақ жазалау тәсілінен бас тартып, ҚҚС басқару тетігін енгізу және бақылау-өткізу пункттерін жаңғыртуды жеделдету арқылы толық цифрландыру енгізілмек.

Биыл жаздың басында Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексі жобасын ұсынған еді. Құжат осы күзде Парламент талқысына түсіп, 2025 жылдың 1 қаңтарынан өз күшіне енуі тиіс еді. Алайда құжат бизнес тарапынан да, сарапшылар тарапынан да біраз сынға ұшырады.

Сондай-ақ оқыңыз