Lifestyle

Tesla келесі жылы Қытайда алты орындық Model Y шығармақ

АҚШ-та компания жүргізушісіз көлік технологияларына және робототаксиді дамытуға басымдық береді / Reuters/Patrick Pleul, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Tesla 2025 жылдан бастап Қытайда Model Y кроссоверінің алты орындық нұсқасын шығаруды жоспарлап отыр деп жазады Reuters.

Осылайша, Илон Масктың компаниясы өзінің ең көп сатылатын, бірақ ескірген электр көлігінің тартымдылығын арттыруға ниетті.

«Өндіруші жеткізушілерге Шанхайдағы зауытта Model Y өндірісі артатынын хабарлады», – деп жазды Reuters агенттігі.

Әзірге Tesla өндірісін қалай арттыратыны белгісіз. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Model 3 жалпы жеткізілімдері өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға өсті. Бұған автомобильдің жаңартылған нұсқасының шығуы ықпал етті.

Tesla Y моделін 2020 жылы сата бастады және оны Juniper деп аталатын жоба арқылы жаңартып жатыр. Бес орындық электромобильді бастапқыда 2024 жылы шығару жоспарланған, бірақ шығарылым 2025 жылдың басына шегерілді.

Алты орындық нұсқаның қосылуы Tesla-ның Қытайдағы бәсекелестеріне қарсы позициясын нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді. Бұл нарықта Y үлгісі Nio компаниясының Onvo L60 және Zeekr 7X модельдерімен бәсекелеседі. АҚШ-та компания жүргізушісіз көлік технологияларына және робототаксиді дамытуға басымдық береді.

Model Y – Қытайдағы ең көп сатылатын көлік. 2024 жылдың қаңтар-маусым аралығында Tesla 207 мыңнан астам Model Y сатты. Екінші орында қытайлық BYD компаниясының Seagull седаны.

Tesla Қытайдағы жалпы сатылымдар үшінші тоқсанда шағын қалалардағы сатып алушылар есебінен артады деп болжап отыр. Осы көктемде компания жаһандық жұмыс күшін 10% қысқарту аясында Қытайдағы қызметкерлерді қысқарта бастады. Атап айтқанда, жұмыстан босату Шанхайдағы ең ірі фабрикадағы инженерлерге, өндірістік желі жұмысшыларына және логистикалық топқа әсер етті. Бұл зауыт Tesla компаниясының әлемдік өндірісінің жартысын құрайды.

Сондай-ақ компанияның сатылымы Қытайда осы жылдың соңына жоспарланған Full Self-Driving жүйесін енгізу есебінен артуы мүмкін.

Reuters ақпарат көздері Tesla жеті орындық Model Y моделін АҚШ-та сататынын айтады.