Volkswagen өз тарихында бірінші рет шығындарды азайту үшін Германиядағы зауыттарды жабуды қарастыруда. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Компания жұмыс орындарын сақтау туралы кәсіподақтармен жасасқан келісімді мерзімінен бұрын бұзуға ниетті. Бұл жаңалық инвесторлардың қызығушылығын туғызды. Нарықта компания акциялары 2,5%-ға қымбаттады.
«Volkswagen шығындарды азайту үшін Германиядағы екі зауытты жабуды қарастыруда. Компания 87 жыл ішінде ешқашан зауыттарын жаппаған», – деп жазды Bloomberg.
Бірақ қазір компанияның негізгі Golf және Tiguan модельдеріне сұраныс төмендеуі мүмкін. Сондықтан компания Германиядағы бір ірі автомобиль зауыты мен бір көліктің құрамдас бөліктерін шығаратын зауытын жаппақ. Дәл осы мақсатта автоөндіруші кәсіподақтармен жұмыс орындарын сақтау туралы келісімді бұзуы мүмкін. Келісім 1994 жылы қабылданған. Оған сәйкес 2029 жылға дейін зауыттардағы жұмыс орындарын қысқартуға тыйым салынады.
«Жағдай өте күрделі және оны қарапайым шығындарды азайту шараларымен жеңу мүмкін емес», – деді Volkswagen брендінің басшысы Томас Шефер.
Бұл жаңалық тарағаннан кейін Франкфурттағы саудада Volkswagen акциялары 2,5%-ға қымбаттады. Кейін қайта арзандай бастады. Алайда баға өткен аптадағы көрсеткіштен жоғары.
Бұған дейін Еуропалық одақ Қытайдан әкелінетін электромобильдерге уақытша баж салығын енгізді. Bloomberg мөлшерлемелер 48%-ға дейін көтерілетін хабарлады.