Банк пен қаржы

«Стати ісінде» Қазақстан мүддесін қорғаған әрі Бекетаев және Байбекпен байланысы бар саналатын компания басшысы тергеуге алынды

Сағидолла Баймұратқа қатысты тергеу жүріп жатыр / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Молдован кәсіпкерлері Анатол және Габриел Статимен арадағы дауда Қазақстанның мүддесін қорғаған «Bolashak» консалтинг групп компаниясының басшысына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы фирма басшысы Сағидолла Баймұрат «Курсив» сайтына өзі растады. Антикор оған қарсы іс қозғағанымен, қазір Сағидолла Баймұрат Maqsut Narikbayev University-де оқытушылық қызмет атқарып, заңгерлік кеңес беруін жалғастырып жүр.

Баймұрат БАҚ-та тергеу барысы туралы ақпарат жарияланғанын, бірақ нақты мәліметтер жоқ екенін жеткізді.

«Ескі Қазақстанда авторитет болғандай, бір кісілердің суретімен бірге жариялап қойыпты», – дейді ол.

Құқықтық кеңес беру компаниясының басшысы іс құпия болғандықтан, қандай да бір түсініктеме бере алмайтынын жеткізді. Өйткені кез келген мәлімдеме тергеуге қысым ретінде қарастырылады. Баймұрат екі жылдан бері Мақсұт Нәрікбаев университетінде заңнан дәріс беретінін, «Қазақ – Орыс юридикалық сөздігі. Заңдағы қателер және түсіндірмелер” деген сөздік дайындап жатқанын айтады.

14 жылға созылған дау

Әкелі-балалы олигархтар Анатол Стати мен Габриэль Стати 2010 жылы сот арқылы Қазақстан үкіметінен 4 млрд доллар талап еткен. Статилердің сотқа шағымдануына ел үкіметінің «Толқыннефтегаз» ЖШС мен «Қазполмұнай» ЖШС-ның жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартын мерзімінен бұрын тоқтатуы себеп болған.

2013 жылдың желтоқсанында халықаралық арбитраждық сот Молдова азаматы Анатол Стати бастаған шағымданушылар тобының пайдасына шешім шығарып, Қазақстанды 506 млн доллар өтемақы төлеуге міндеттеді.

Осының ізінше Қазақстан Ұлыбританияның жоғарғы сотына қарсы шағым түсірді. 2017 жылдың 6 маусымында палата алдыңғы шешімді заңсыз деп танып, молдовалық олигархтарды Қазақстанға жығып берді. Алайда Швеция мен Голландия соты Ұлыбритания жоғарғы сотының үкімі олардың шешіміне өзгеріс енгізе алмайтынын алға тартты. Осылайша Қазақстан молдовалық олигархтарға қарыз болып қалды.

2024 жылы көктемде «Ақ жол» фракциясының депутаттары Стати дауына Қазақстан қанша қаржы жұмсағанын, кімді байытып жатқанын ашық жариялауды сұрап депутаттық сауал жолдаған еді.  Азат Перуашев осы дауда Қазақстанның мүддесін қорғаған, Марат Бекетаев пен Бауыржан Байбекке қатысы бар делінетін «Bolashak Consulting group» компаниясының қызметіне күмән келтірді.

«Стокгольм арбитраждық сотының Қазақстанның Статиге 544 миллион доллар төлеуі туралы шешімі жойылған жоқ. Осы орайда, кейбір БАҚ мәліметінше, Қазақстан бұл сот дауларына Стати талап етіп отырған қаржыдан екі есе көп шығын шығарған. Сондай-ақ осы дауларда Қазақстанның мүддесін қорғаған «Bolashak Consulting group» заң компаниясының тиімділігі ғана емес, қаржылық тазалығы да күмән тудырып жатыр», – деді Перуашев.

Депутат бұл компания қызметі бюджетке жылына 60 млн долларға түсіп отырғанын айтты.

«Егер Статимен сот дауы 13 жылға созылғанын ескерсек, кейбір ақпараттар бойынша Ескі Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларымен байланысы бар делінетін аталмыш компания құрылтайшыларының қалтасына қаншама жүздеген миллион доллар кеткенін болжауға ғана болады», -деді депутат.

Алайда биыл мамыр айында Әділет вице-министрі Стати ісіне қанша бюджет қаражаты жұмсалғанын нақты айта алмады. Ботагөз Жақселекова қаржы мәселесі коммерциялық құпияға жататынын мәлімдеді. 

Ал бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев 2023 жылдың қазанында Қазақстаннан қашпақ болған жерінен қолға түскен болатын.

Шілде айында Қазақстан үкіметі Статилермен арадағы 14 жылға ұласқан дауда бейбіт келісімге келгенін мәлімдеді. Екі тарап дауды бейбіт және өзара тиімді шешу жайлы негіздемелік келісімге келген. Әділет министрлігінің хабарламасында тараптар қандай шарттармен келісімге келгені жазылмаған.

«Bolashak» консалтинг групп» туралы не белгілі?

Egov дерегі бойынша, компания 2010 жылы құрылған. 2023 жылдың 3 тамызында қайта тіркеуден өткен. Компания басшысы – Баймұрат Сағидолла. Құрылтайшылары ретінде Шолпан Жүрсенова, Евгений Алексеев, Айдос Балтабекұлы, Байдәулет Жанбоз көрсетілген. БАҚ бұл компанияны Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек және бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевпен байланыстырады.

Жоғары аудиторлық палата «Курсивке» былтыр компанияға аудит жүргізілгенін хабарлады.

«Былтыр жазда «Bolashak» консалтинг групп» пен Әділет министрлігінде аудит жүргізілген. Яғни екі тексеру қатар жүргізілді. Бірақ бүкіл материалдар құқық қорғау органдарына берілді. Сондықтан қорытынды мен барлық құжат құқық қорғау органдарында», – делінген жауапта.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Курсивке» «тергеу барысы туралы ақпарат жіберуге уәде бергенімен, материал жарияланғанша жауап келген жоқ.