Жаңалықтар

ОПЕК халықаралық даму қоры Қазақстандағы инвестициялық жобаларды техникалық жағынан қолдап, гранттар ұсынуға дайын

ОПЕК гранттары «жасыл» энергетика саласындағы инвестициялық жобаларға бөлінуі мүмкін/ Фото: dreamstime.com

ОПЕК халықаралық даму қоры Қазақстандағы инвестициялық жобаларды техникалық жағынан қолдап, гранттар ұсынуға дайын. Бұл туралы елордада өткен ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен ОПЕК халықаралық даму қорының президенті Абдулхамид Альхалифаның кездесуі барысында белгілі болды. Тараптар инвестициялық жобаларды талқылады.

«Қор президенті ұйымның техникалық қолдауды да, гранттарды да ұсынуға дайын екенін атап өтті», – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ Орталық Азия елдерінде жүзеге асырылып жатқан қазіргі жобалар туралы айтты.

2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін Қазақстан жаңартылатын энергия көздері объектілерін салмақ. Қос тарап осы жобаларды да талқылады. Тараптар «жасыл» энергетика саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерделеуді, сондай-ақ «таза» көмір технологияларын дамыту перспективаларын қарауды жалғастырады.

ОПЕК халықаралық даму қоры – 1976 жылы ОПЕК-ке мүше мемлекеттердің бастамасымен құрылды. Қор дамушы елдердің экономикасына ықпал ететін халықаралық институт. Қорға 12 мемлекет мүше. Олар: Алжир, Венесуэла, Габон, Индонезия, Иран, Ирак, Кувейт, Ливия, Нигерия, Сауд Арабиясы, БАӘ және Эквадор.

Еске сала кетсек, ОПЕК ұйымы биыл әлемде мұнайға деген сұраныс артады деп болжады. Жыл соңына қарай сұраныс тәулігіне 2,2 миллион баррельге артып, 104,46 млн баррельге дейін жетуі ықтимал.