Жаңалықтар

18 жасқа толған және толатын балалар Ұлттық қордағы ақшасын қалай ала алады?

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша ақшаны қалай алуға болады? / Фото: Shutterstock

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша 2024 жылы 18 жасқа толған немесе толатын балалардың қаржысы БЖЗҚ-дағы нысаналы шоттарында жинақталған. Бұл ретте қаражатты қашан және қалай алуға болады?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегінше, Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ынан түскен қаржыны әр бала 18 жасқа толғаннан кейін ғана нысаналы мақсатта пайдалана алады.  

Бұл жинақты үй сатып алуға немесе білім алуға бағыттауға болады.

«Егер сіздің балаңыз 18 жасқа толса және қаражатын пайдалануға дайын болса, келесі әрекеттерді жүзеге асыру керек. Бірінші, уәкілетті операторға хабарласыңыз. Екінші, бала өз бетінше өтініш береді», – деп хабарлады БЖЗҚ.

Қаржыны нысаналы пайдалану жолдары:

  • «Отбасы банк» АҚ – қаражатты тұрғын үй және/немесе білім алуға пайдалану үшін.
  • «Қазақстан Халық Банкі» АҚ — білім алуға ғана пайдалану үшін.

«Перзентіңіз Ұлттық қор-балаларға» бағдарламасына қатысатынын тексеріп, нысаналы жинақтардың жай-күйін білу үшін www.kids.enpf.kz сайтына өтіңіз», – деп хабарлады БЖЗҚ.

Айта кететіні, 2024 жылы жоба аясында 305 мың бала ақшасын алады.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап осы жоба іске қосылды. Жаңа бағдарламаға сәйкес, барлық балаларға жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы есептеледі. БЖЗҚ жоба операторы болып айқындалды. 

Бала 18 жасқа толғанда БЖЗҚ-да оған арналған нысаналы жинақтау шоттары ашылады.

Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны – 6 919 131 бала. Бұл тізімде 01.01.2006 жыл мен 31.12.2023 жыл аралығында туған барлық бала бар. Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады. Олар бұл қаражатты осы жылы алады.