Ұлттық қордан трансферттердің ұлғаюына қарамастан, теңге бағамы нығаяр емес. Halyk Finance сарапшылары себебін түсіндірді
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, тамызда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін 546 млн доллар сатылды. Бұл «Қазатомөнеркәсіп» АҚ (241,5 млн доллар) акцияларын сатып алуға бағытталған сомамен қосқандағы көрсеткіш. Соған қарамастан, теңге бағамы нығайған жоқ. Бұл туралы Halyk Finance талдау орталығының маманы Санжар Қалдаров пен басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың зерттеуінде жазылған.
Ұлттық қордан қомақты қаржы сатылды
Статистикаға сүйенсек, шілдеде Ұлттық қордан валюта сатудың жалпы көлемі 787,5 млн долларды құрады. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін сақтау үшін шетел валютасын сатып алу 223 млн долларды құрады.
«Осылайша, тамызда Ұлттық банктен нарыққа шетел валютасының таза ағыны 564,5 млн долларға жетті. Бұл шілдедегі көрсеткіштен (346 млн доллар) бір жарым есе жоғары. Ал доллар/теңге бағамы ең төменгі деңгейде болған сәуірдегі көрсеткіштермен (556 млн доллар) шамалас», – деп атап өтті сарапшылар.
Тамызда теңге құнсыздана түсті
Мамандардың пайымынша, Ұлттық банктің тамызда шетел валютасын сату көлемін айтарлықтай арттыруы төл ақшаны бағамын нығайтуы керек еді. Алайда төл валютаның долларға шаққандағы бағамы керісінше 475-тен 481,6 теңгеге дейін құнсызданды.
«Мұның басты себебі – Ұлттық қордан валюта сатудың біркелкі болмауына байланысты нарық пен халықтың ұлттық валютаға деген сенімінің төмендеуі. Бұл сондай-ақ биржада шетел валютасына сұраныстың артуына байланысты болуы мүмкін. Мәселен, тамызда KASE валюталық саудасының жалпы көлемі шілдедегі 3,7 млрд доллармен салыстырғанда 4,4 млрд долларға жетті», – деп түсіндірді мамандар.
Теңгеге деген халықтың сенімін қалай арттырамыз?
Ұлттық банктің мәліметінше, қыркүйекте Үкіметтің тапсырысы бойынша бюджетке аударымдар үшін Ұлттық қордан 900 млн доллардан 1 млрд долларға дейін валюта сату жоспарлануда. Нәтижесінде Ұлттық қордан шетел валютасын сатудың жалпы көлемі шамамен 1,19 млрд долларды құрауы тиіс.
Бұл ретте, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұруға мүдделі. Осы ретте қыркүйекте жоспарланған шетел валютасын сатып алу көлемі 450-550 млн долларға жетті. Нәтижесінде қыркүйекте таза валюта сату көлемі 690 млн долларды құрауы тиіс. Бұл тамыздағы көрсеткіштен (564,5 млн доллар) жоғары. Ал шілдедегі көрсеткіштен(346 млн доллар) екі есе дерлік артық.
Ал мамандар теңге бағамын нығайту үшін төл валютаға деген халық сенімін арттырып, бюджеттік саясатты реттеу керек деп есептейді.
«Қазіргі жағдайда ұлттық валюта бағамына нарықтың сенімін арттыру үшін Үкіметке контрциклдік бюджет ережелерін сақтау керек. Сонымен қатар ай сайынғы жоспарды қатаң орындауы қажет. Бұл тұста Ұлттық қор қаражатын біркелкі пайдалану маңызды. Мұндай жоспар нарық қатысушыларына да, жалпы халыққа да белгілі болуы керек. Ал Ұлттық банк нарықтық бейтарап жағдайда жұмыс істеуі шарт», – деген ұсыныстарымен бөлісті сарапшылар.
Айта кетейік, 2024 жылдың 7 айында Ұлттық қордан бюджетке 3 трлн теңге қаржы аударылды. Бұл 2024 жылға жоспарланған трансферттер көлемінің 83%-ы (3,6 трлн теңге).
Еске сала кетсек, 2024 жылғы 12 маусымда Мәскеу биржасы мен оның құрамындағы Ұлттық клиринг орталығы АҚШ-тың санкциясымен бұғатталған еді. Содан кейін рубль бағамы құлдырады. Кейін теңгенің долларға шаққандағы бағамы да құнсыздана бастады.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, бағам «негізгі көрсеткіштерге» оралған. Оның пікірінше, бұған дейінгі нығаю Ұлттық қордан валюта сатуға байланысты болды.