Қазақстан импорт көлемін азайтып, қант өндірісін 70-80%-ға ұлғайтуды көздеп отыр. Қазіргі таңда қанттың 40%-ы елімізде өндіріледі, қалған 60%-ы cырттан әкелінеді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Мәжіліс отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді.
«Тұтынушы жағынан айтар болсақ, қант сауда сөрелерінде болуы керек әрі қымбат болмауы тиіс. Бізде баяғы төрт зауыт бар. Жаңадан зауыттар салынған жоқ. Биыл қызылша көп егілді. Біз өзіміз төрт зауыт арқылы 40%-ға қамтамасыз етеміз. 60%-ын негізі Ресейден, басқа да көрші елдерден импорт ретінде аламыз», – дейді Шаққалиев.
Министрдің сөзінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені шешу үшін кешенді жоспарды әзірлеген. Ол бойынша 2026 жылға дейін қантпен отандық зауыттардың қамту үлесін 70-80%-ға жеткізу көзделген.
Қазір қант зауытын салу үшін өте жақсы жағдай жасалған. Несие жағынан, айналым жағынан да. Өзімізде шығарылған қызылшаны өңдеу мәселесі өзекті. Биыл 600 мың тонна жинаймыз. Қазір қант бағасы тұрақты. Нарықта ешқандай тапшылық жоқ, – дейді Арман Шаққалиев.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы қалай өзгергені туралы жазған едік. Соның ішінде былтыр қанттың 1 келісі 434 теңгеге дейін жетсе, қазір оның бағасы 415 теңгеге арзандаған.
Сондай-ақ, бұған дейін ауыл шаруашлығының берген мәліметі бойынша, импорт бір жылда 2,6%-ға ғана өсіп, 96,6 мың тоннаны құрады. Қазақстан халқының жыл сайынғы қажеттілігі 500 мың тонна шамасында. Оның 150 мың тоннасын өндірістік кәсіпорындар пайдаланады. Қалған 350 мың тоннасын тұрғындар тұтынады. Осы көлемнің жартысы – импортқа тисілі. 2023 жылы елге 290 мың тонна қант импортталды. Оның 200 мың тоннасы, яғни 70%-ы Ресейден әкелінді. Қалғаны Беларусь, Бразилия, Мексикадан жеткізілген.