Қазақстанда қант өндірісі 2020 жылдан бері ең төменгі деңгейге жетті

Жарияланды (жаңартылды )
Қант өндірісі 78% төмендеді / Фото: коллаж kursiv.media

Ақпан айында қант, шикі және тазартылған патока өндірісінің көлемі 5,4 мың тоннаны құрады. Бұл қаңтар айымен салыстырғанда 46%-ға және бір жыл бұрынғыдан 78%-ға аз. Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, мұның бәрі 2020 жылдың тамызынан бергі ең төменгі көрсеткіш.

«Соңғы екі айдағы көлем, яғни 15,5 мың тонна – 2020 жылдан бері ең төмен көрсеткіш. 2023 жылдың соңында өндіріс бір жылмен салыстырғанда 19%-ға төмендеп, 278,1 мың тоннаны құрады», – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

Дегенмен бұл үрдіс бағаның өсуіне әкелген жоқ. Мысалы, шекер 2023 жылдың қарашасынан бастап ай сайын арзандап келеді. Ақпан айында баға бір жылмен салыстырғанда 14,2%-ға төмендеді. Бірақ бір жыл бұрын аталған өнім қымбаттағанын естен шығармаған абзал.

«Біздің қант нарығының айтарлықтай үлесін қазір импорт алып жатқанын айта кетейік. Оның көлемі өз өнімдеріміздің көлемінен де көп. Мәселен, 2023 жылы тазартылған қант пен сахарозаның салыстырмалы санатында өндіріс 219,8 мың тоннаны құрады. Ал импорт 303 мың тоннаға жетті», – деп хабарлады Бірінші кредиттік бюро.

Мәселен, Қазақстан халқының жыл сайынғы қажеттілігі 500 мың тонна шамасында. Оның 150 мың тоннасын өндірістік кәсіпорындар пайдаланады. Қалған 350 мың тоннасын тұрғындар тұтынады. Осы көлемнің жартысы – импортқа тисілі. 2023 жылы елге 290 мың тонна қант импортталды. Оның 200 мың тоннасы, яғни 70%-ы Ресейден әкелінді. Қалғаны Беларусь, Бразилия, Мексикадан жеткізілген.

Бұған дейін, Жетісу облысының шаруалары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдаған. Оларды еліміздегі қант шаруашылығының тағдыры алаңдайды. Фермерлердің айтуынша, қант зауыттары монополияланған.

Жетісу облысының фермерлері «Көксу қант зауыты» қызылшаны шаруалардан өте арзанға сатып алатынын жеткізді. Ал нарыққа қымбатқа шығарады.

Зауыт қойған баға фермерлер үшін тиімсіз.

Сонымен қатар құрамында қанты көп сусындарға акциз салу мәселесі жыл соңына дейін шешілмек.  Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді. Үкімет бұл салықты енгізу туралы мәселені 2021 жылы көтерген.

«Биыл акциз енгіземіз бе, жоқ па – осы сұраққа жауап беруіміз керек. Әзірге бұл мәселе талқыланып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымын естідік. Өз денсаулығын ойлайтын адам ретінде, бірден осы акцизді енгізіп, бұл процеске қалай да әсер еткім келеді», – деді ол үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ оқыңыз