Жаңалықтар

Израильде 4 күн қатарынан ереуіл жүріп жатыр: халық Газа секторында атыстың тоқтағанын қалайды

Израильде
Израильде мыңдаған халық митиңге шығып, Газа секторында атысты тоқтатуды, кепілдегі азаматтарды қайтаруды талап етіп жатыр / Фото: shutterstock

Израильде төртінші күн қатарынан мыңдаған азамат Тель-Авив пен елдің басқа қалаларында митиңге шығып, биліктің Газадағы әрекетіне қарсылықтарын білдіріп жатыр. Ереуілге шыққан халық 2023 жылдың қазанында кепілге алынған адамдарды қайтаруды, ол үшін ХАМАС-пен келісімге келуді талап еткен.

Сейсенбі, 3 қыркүйекте белсенділер тобы Тель-Авивтің орталығында орналасқан қорғаныс министрлігінің штаб-пәтерінің алдына жиналған. Олар бір жыл бұрын ХАМАС кепілге алған адамдардың Газада қаза тауып жатқанына наразы. Кейбір қалаларда ереуіл соңы полициямен қақтығысқа ұласқаны айтылады.

Айта кетсек, елдегі жағдай 31 тамызда Израиль әскері кепілге алынған 6 тұтқын қаза тапқаны туралы хабарлаған соң ушықты. ХАМАС Израиль әскері жақындап қалған сәтте кепілдегілерді өлтіру туралы жаңа ереже енгізілгенін мәлімдеген.

Бұл оқиғадан соң, биліктің әрекетіне қарсы болған израильдіктер тұтқындағы азаматтардың суретін көтеріп көшелерге шыққан. Кепілдегі азаматтардың туыстары жақындарының елге аман-есен оралуын қалайтынын жеткізген.

Ереуілге шыққандар Газада атысты тоқтатпай, тұтқындағы азаматтардың аман оралуы мүмкін емес екенін айтады. Қазіргі таңда ХАМАС тобының тұтқынында 101 израильдік бар. Олардың кепілге алынғанына 333 күн болған. Жалпы кепілге алынған азаматтардың 154-і Израильге қайтарылған. Қайтарылғандар есебінде қаза тапқан азаматтар да бар.

Еске сала кетсек, Израиль билігі мен ХАМАС атысты тоқтату туралы бір келісімге келе алмай отыр. 19 тамызда бұл мәселені реттеу үшін АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен аймаққа келіп, келіссөздер жүргізді. Ол Израильдің атысты тоқтатуға келіскенін, енді ХАМАС тобын да сондай шешім қабылдауға шақырған болатын. Алайда ХАМАС Израиль қойған талаптарға келіспейтінін жеткізді.