Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаға 10 трлн теңге қажет. Бұл туралы Astana Finance Days барысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлім етті.
Оның айтуынша, жылумен қамту саласын жаңғырту үшін 1,5 тлн теңгеге жуық қаражат қажет. Бұл сома 1,9 шақырым жылу желілерін жөндеуге жұмсалады. Сондай-ақ 5,3 шақырымдық сумен жабдықтау желілерін жаңғыртуға 700 млрд теңге қажет. Ал 400 млрд теңгеге жуық қаражат қажет кәріз желілерін жаңғырту үшін керек.
«Жалпы ұлттық жобаға шамамен 10 трлн теңгеден астам қаражат қажет», – деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.
Бұл ретте ол қаржы әртүрлі көздерден тартылатынын атап өтті.
«Қаржы отандық, халықаралық қаржы институттар және екінші деңгейлі банктерден, мемлекеттік бюджеттен, сондай-ақ ұлттық қордан алынады», – деді Қуандық Қажкенов.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы 5-6 қыркүйекте «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) жыл сайынғы «Astana Finance Days» (AFD) қаржы конференциясы өтуде. 2018 жылдан бері AFD конференциясы қаржы саласының жетекші сарапшыларын, Еуразия өңірінің инвесторлары мен бизнес-көшбасшыларын біріктіретін басты платформа ретінде қызмет етіп келеді. Жыл сайын 70-тен астам елден 3000-нан астам адам осы маңызды оқиғаға қатысады. Бұл оның Орталық Азияның қаржылық өміріндегі мән-маңызын айшықтайды.