«Холанд пен Эдегорды емес Қазақстанды қолдайық»: Асхат Тағыберген Норвегияға қарсы құраманың дайындығы туралы айтты

Жарияланды 5 Қыркүйек 2024 15:24

(жаңартылды 6 Қыркүйек 2024 09:16)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Қазақстан-Норвегия ойынының баспасөз маслихаты / Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Футболдан Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген Ұлттар лигасы аясында Норвегияға қарсы өтетін ойынға құраманың дайындығы туралы баспасөз мәслихатында айтып берді.

Баспасөз мәслихаты барысында ол норвегиялық команда көшбасшылары Эрлинг Холланд пен Мартин Эдегор туралы пікір білдірді.

«Норвегиялық ойыншылардың тәжірибесі ешқандай қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Біз өз ойын мәнерімізді көрсетеміз. Маған көптен бері хабарласпай кеткен адамдар хабарласып менен ойынға билет сұрап жатыр, мен оларға: Сендер ұлттық құраманы қолдауға келесіңдер ме, әлде Холландты көруге ме? деймін. Сондықтан, біз үшін жанкүйерлердің қолдауы маңызды » – деді Қазақстан құрамасының капитаны.

Сондай-ақ команда капитаны «Ұлттық құрама бұрын өз ойындарын Астанада өткізетін, биыл Алматының орталық стадионы ойыншылар үшін қалай әсер етеді?» деген сұраққа жауап берді.

Астана болсын, Алматы болсын, бұл Қазақстан ғой, біздің еліміз. Мұнда табиғи шөп бар, Алматыда өз артықшылықтары бар, Астанада өзінікі. Қай жерде болмасын біз жеңіске ұмтыламыз. Бұл ойынға барынша дайындалып жатырмыз және ертең бар күшімізді саламыз», – деді Тағыберген.

Еске сала кетейік, Қазақстан мен Норвегия арасындағы матч 6 қыркүйек күні Алматыдағы «Орталық» стадионда өтеді. Ойынның басталуы 19:00-де.

Бұған дейін, бұл ойынға барлық билеттердің бір тәулікте сатылып кеткені туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз