6 қыркүйекте Алматының орталық стадионында Қазақстан мен Норвегия арасында футболдан Ұлттар лигасы матчы өтеді. Polisia.kz мәліметі бойынша Алматы ПД қызметтері мен бөлімшелерінің жеке құрамы осыған байланысты тәртіпті қадағалауды күшейтті. Алматы полициясы стадион мен спорт нысанының төңірегін мұқият бақылап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қаладағы Абай даңғылы, Байтұрсынов, Сәтбаев, Байзақов, Құрманғазы көшелерінде жол қозғалысы жартылай шектеледі.
– Азаматтарды алдын ала бағдарын реттеп, көліктерін тек арнайы белгіленген орындарға қойып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, қоғамдық көлікті пайдалануға шақырамыз.Сонымен қатар футбол матчына билеттерді алаяқтардан сақтану мақсатында тек ресми сауда орындарынан сатып алу керектігін еске саламыз, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында Ішкі істер министрлігі көпшілік жерде тәртіптің күшейетінін ескерткен еді. Ел аумағында сақшылар құқық бұзушылықтың алдын алуға бар күшін салуға тиіс.