«Бәйтерек» басқарушы холдингі 2024 жылдың І жартыжылдығында 205,5 млрд теңге пайда тапқан. Бұл 2023 жылдың 6 айымен салыстырғанда 12%-ға аз. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасында жарияланған аудиттелмеген шоғырландырылған аралық қаржы есебінде жазылған.
Былтыр холдинг қаңтар-маусым аралығында 233,5 млрд теңге пайда алған. Холдингтің пайдасының азаюына операциялық кірістің кемуі мен әкімшілік шығыстардың артуы себеп.
Компанияның активтері жарты жылда 8,1% өсіп 14,7 млрд теңгеге жеткен. 2023 жылдың аяғында холдинг 13,6 трлн теңге актив иеленген. Осы кезеңде холдингтің міндеттемедері де артқан.
Былтыр 31 желтоқсандағы дерек бойынша, компания міндеттемелері 11 трлн теңге болса, қазір 11,9 трлн теңгені құрайды. Сонымен қатар жартыжылдықта «Бәйтеректің» меншікті капиталы 2,8 трлн теңгені құрады. Компания 2023 жылы жалпы 408 млрд теңге таза пайда тапқан болатын.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Үкімет қаулысымен 2013 жылы құрылған. Оның 100 пайыз акциясы Қазақстан үкіметіне тиесілі. Қазіргі кезде холдинг құрамына 8 ұйым кіреді: Қазақстанның Даму банкі, ««Qazaqstan Investment Corporation» АҚ, «Отбасы банкі» үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» (бұрынғы KazakhExport), «Аграрлық несие корпорациясы» және Bereke Bank.
29 тамызда қатарлық инвесторға банктің 100 пайыз акциясын сатып алуға рұқсат берілді. Қатарлық Lesha Bank «Береке банк» АҚ-ның бас холдингі мәртебесін иеленді.
«Бәйтеректің» қаржы есебінде холдинг қатарлық инвесторға сатылып жатқан банк активтерін 2,07 трлн теңгеге бағалағаны жазылған. Ал Lesha Bank қазақстандық банкті 65 млрд теңгеге сатып алмақ.
Холдингтің еншілес ұйымдары ірі және орта бизнес, шағын және микробизнес, агроөнеркәсіп кешенін қолдау, үлестік және венчурлық қаржыландыру, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, экспорттық әлеуетті арттырумен айналысады.