«Бәйтерек» холдингі Bereke bank-ті қатарлық инвесторға сатып жатқаны белгілі. Холдинг сатылымға шығарылған қаржы ұйымының активтерін 2,063 трлн теңгеге бағалаған. Бұған дейін Lesha Bank қазақстандық банкті 65 млрд теңгеге сатып алатыны хабарланған.
Холдингтің 2024 жылдың І тоқсанындағы аудиттелмеген аралық қаржы есебі Қазақстан қор биржасында орналастырылды. Қаржы есебі жарияланған кезде Bereke bank-тің 100 пайыз акциясы холдингтің меншігінде екені жазылған. Ресми органдар келісімге толық рұқсат берген соң, банк холдинг меншігінен шығарылады.
2024 жылдың алты айында «Береке банк» АҚ-ның сатуға бағытталған актив ретіндегі құны 10,4%-ға немесе 194,4 млрд теңгеге өскен. 2023 жылдың 31 желтоқсанында сатылатын актив құны 1,869 трлн теңге деп белгіленсе, 2024 жылдың 30 маусымында жалпы құны 2,063 трлн теңгеге жеткен. Банктен бөлек, холдинг тағы құны 4 млрд теңгеге тең ұзақмерзімді активін сатпақ.
Жарты жыл ішінде «Береке банктің» міндеттемелері де 1 трлн 480 млрд теңгеден 1 трлн 666 млрд теңгеге дейін өскен. Банк міндеттемемелерінің 1,130 трлн теңгесі – банк клиенттерінің қаржысы. Банк 6 айда 33 млрд теңге таза пайда тапты.
Bereke bank қатарлық инвесторға сатылуы мүмкін екенін 2023 жылдың қазанында ҚНРДА төрағасы Мадина Әбілқасымова айтқан болатын. Сол кезде инвестор Bereke bank-ті бағалап, соның нәтижесінде қаржы институтының құны анықталатыны хабарланған.
2024 жылдың басында банкті нақты Қатардан келген инвестор сатып алатыны белгілі болды. Инвестициялық Lesha Bank «Бәйтерек» холдингімен Қазақстандағы банкті сатып алу туралы алдын ала келісім жасасқан.
Ал 20 мамырда инвестициялық банк Bereke Bank-ті сатып алу бойынша мәміле жасағанын хабарлады. Тиісті ақпарат Қатар қор биржасының сайтында жарияланды. Мәміле сомасы 65 млрд теңгені құрайды. Бұл сома сол кезде несие мекемесі меншікті капиталының 39,8%-ына тең болды. 29 тамызда ҚНРДА Lesha Bank-ке «Береке банк» акционерлік қоғамының 100% акциясын сатып алуға рұқсат берді.
Айта кетейік, «Береке банк» – 2022 жылдың наурызында АҚШ-тың санкцияларына ұшыраған Сбербанктің бұрынғы еншілес ұйымы. АҚШ санкциясына ұшыраған соң, ол халықаралық төлем жүйелерінен ажырап қалған болатын. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде ресейлік Сбербанк оны «Бәйтерек» ұлттық холдингіне сатты. Келісімнен кейін қаржы институты атауын Bereke Bank деп өзгертті. Холдинг 2023 жылы банкті сату туралы шешім шығарды.
Қазір банк актив көлемі бойынша қазақстандың 21 банк арасында 9-шы және несие портфелінің мөлшері бойынша 7-ші орынды иеленеді. 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша банктің активтері 2 248 млрд теңгені, меншікті капиталы 173 млрд теңгені құрайды.