Қазақстанда 500 млрд теңге зейнетақы активтері банк облигацияларына инвестицияланады. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан «Fcbk 2024: empowering business» форумында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова айтты.
«Биылғы жылы зейнетақы активтерін банк облигацияларына инвестициялаудың жаңа механизмі іске қосылды. Бұл банктерді ұзақмерзімді қорландыруды кеңейту үшін қажет. Осы мақсатқа жоспарланған зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 500 млрд теңгеге дейінгі соманы құрайды», – деді Әбілқасымова.
Оның айтуынша, бұл қаражат экономиканың басым салаларындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы банк секторындағы тағы бір маңызды реформаны атап өтті. Ол мемлекет басшысы 2 қыркүйектегі жолдауында айтқан банктер және банк қызметі туралы жаңа заң әзірлеуге қатысты болды.
«Заң жобасы дәл бүгін біз талқылап жатқан мәселелерге бағытталатын болады. Ол финтех секторының дамуын ескереді және банк секторында инновацияларды қауіпсіз енгізу үшін нормативтік-құқықтық ортаны құруды ынталандырады», – деген ол банк секторындағы маңызды бәсекелестіктің дамуы туралы атап өтті.
Оның айтуынша, шетелдік банктердің Қазақстан нарығына келуіне қойылатын талаптар жеңілдетілуде.
«Бұған дейін микроқаржы ұйымдарын банктерге айналдыру шарттары қабылданған болатын. Ал алдағы уақытта бізге бірқатар жаңа банктер келеді деп есептейміз», – деді Әбілқасымова.
Еске сала кетсек, қазақстандықтардың зейнетақы активтерінің кірістілігі дамыған елдермен салыстырғанда 45 есе төмен. Бұл ретте инвестициялық кіріс – бұл зейнетақы активтерін әртүрлі қаржы құралдарына (акцияларға, облигацияларға) инвестициялау нәтижесінде алынған табыс.