Танымал әнші Dequine мандатынан айырылған әкесі жайлы пікір білдірді

Жарияланды 6 Қыркүйек 2024 15:17

(жаңартылды 6 Қыркүйек 2024 15:50)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Dequine мандатынан айырылған әкесі жайлы пікір білдірді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Dequine деген лақап атымен танымал әнші Данеля Садықова, әкесі Асқар Садықовтың қызметінен босатылуына байланысты алғаш рет пікір білдірді. Данеля бұл жағдай өзін есеңгіретіп тастағанын және кімге сенерін білмейтінін өз Instagram парақшасында айтты.

«Шынымды айтсам, не айтарымды да білмеймін. Не істеу керек, кімге сену керек, мұндай жағдайға қалай жауап беру керектігін білмей тұрмын. Бұндайға өз басым дайын болған жоқпын. Бұрын да өзім харассмент оқиғасына тап болған адам ретінде, мен үшін бұл үлкен стресс», – деді Данеля.

Сондай-ақ, ол жанкүйерлеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, өзінің зорлық-зомбылық пен харассментке қарсы екенін тағы да айтып өтті.

«Бұл жағдай өмірімдегі екі басты құндылыққа әсер етті. Бірі отбасым, екінші әйел құқығы. Бірнеше жыл бұрын әйел құқықтары тақырыбын көтеріп жүргенімдей, қазір де сол ұстанымымнан таймаймын,» – деп түсіндірді әнші.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Мәжіліс қызметкеріне қырындап, қысым көрсетті» деген айыппен Асқар Садықов депутаттық мандатынан айырылғаны туралы жазған едік.

Артынша Садықов «Лас ойынға араластырмаңыз» деп Азат Перуашевтың айыптауларын жоққа шығарды.

«Мені лас ойындарыңыз бен манипуляцияларыңызға араластырмаңыз. Күш-қуатыңызды бекер жұмсамаңыз. Мен үндемей қалмаймын. Мұндай мәлімдемелер партия жетекшісінің деңгейіне сай келмейді. Бүкіл айыптау – лас тұспал мен болжам ғана», – деді Садықов.

Экс-мәжілісмен өзінің депутаттық мандатынан айырылып, партиядан шығарылуын «лас ойын» деп бағалайды.

Сондай-ақ, «Ақ жол» партиясы Асқар Садықовтың мемлекеттік сатып алу нәтижелеріне ықпал еткенін алға тартты.

«Ақ жол» партиясының мәлімдеуінше, Садықовтың үшінші тұлғалардың пайдасы үшін өз өкілеттілігін асыра пайдалану әрекеті анықталған көрінеді. Этикалық нормаларды бұзу азаматтық құқықтық салаға көбірек қатысты болса,  ал лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану – құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын құқықтық қылмыс. Сол себепті партия төрағасының мәлімдеуінде бұл фактілер көрсетілмеген.

Сондай-ақ оқыңыз