Қазақстан дзюдо федерация дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке Астана қаласынан үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Ал Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевқа Астана қаласынан бір бөлмелі пәтер сыйға берілді. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметі хабарлайды.
Федерация өкілдері Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарын қорытындылап, дзюдодан Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттаған.
Сондай-ақ әлем чемпионатының қола жүлдегері, Олимпиада ойындарында 5-ші орынға тұрақтаған Абиба Абужақыноваға 5 млн теңгенің сертифкаты табысталды.
Спортшылардың жеке жаттықтырушылары мен ұлттық құраманың әрбір жаттықтырушысына, ғылыми-кешенді топ өкілдеріне тиісті дәрежеде құрмет көрсетілген. Оларға ақшалай сертификаттар табысталған.
Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасының 78 атлеті 25 спорт түрінен сынға түсті. Соның ішінде 54-і алғаш рет Олимпиадаға қатысты. Ел қоржынына жалғыз алтынды дзюдодан 60 келі салмақта сынға түскен Елдос Сметов жеңіп алды.
Күміс медаль алғандар: гимнаст Нариман Курбанов, грек-рим күресінің өкілі Демеу Жадыраев (77 келі) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 келі). Ал қола медаль қыздар арасындағы бокстан Назым Қызайбайға, нысана көздеуден аралас командалық жарыста Александра Ле мен Ислам Сәтпаев және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевқа (66 келі) бұйырды.