6 қыркүйек күні Қазақстанның Азаматтық авиация әкімшілігі АҚШ Федералды авиация әкімшілігінің (FAA) IASA бағдарламасындағы алдын ала техникалық бағалаудан сәтті өткенін хабарлады. ФАӘ сарапшылары Қазақстанның АҚШ-қа тікелей рейс ашу шеңберіндегі дайындығын тексерген.
Бұл алдын ала бағалау келесі жылы IASA аудитіне толық дайындалуға мүмкіндік бермек.
«Алдын ала техникалық бағалау нәтижелері бойынша ФАӘ елді санаттамайды, бірақ елдің авиациялық билігіне алдағы IASA аудитіне тиімді дайындалуға мүмкіндік беретінін атап өтеміз. Өткен техникалық бағалау ұшу қауіпсіздігін қадағалаудың мемлекеттік жүйесінің 8 сыни элементтері бойынша Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкестігін айқындауға бағытталған», – делінген комитет таратқан мәлімдемеде.
Ресми хабарламаға сәйкес, бағалау нәтижесі бойынша Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қадағалау жүйесінде елеулі ескерту алмаған.
Сонымен қатар хабарламада бірқатар «сәйкессіздіктер анықталғаны» жазылғанмен, қандай сәйкессіздіктер екені нақтыланбады. Олар бойынша «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ҚР МТ Азаматтық авиация комитетімен бірлесіп, келесі жылы IASA аудитінен сәтті өту үшін ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыру жөніндегі жұмысты жалғастырмақ».
Алайда авиация сарапшысы Абыл Кекілбаев Қазақстанның FAA тексерісінен сәтті өткеніне күмәнмен қарайды. Сарапшының жазуынша, АҚШ федералды авиация әкімшілігі Қазақстанның азаматтық авиация әкімшілігінің қызметінен елеулі кемшіліктер тапқан. Сарапшының жазуынша, FAA мемлекеттерді екі санатқа бөледі:
- 1-санат – ел ICAO стандарттарына сәйкес келеді.
- 2-санат – ел бұл стандарттарға сай емес.
1-санатқа енетін елдерге АҚШ-қа тікелей ұшуға рұқсат етілген. Бұл олардың авиациялық билігі әуе тасымалдаушыларын қатты қадағалап, халықаралық қауіпсіздік стандарттарын сақтайды дегенді білдіреді. 1-санаттағы елдер халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие, бұл, өз кезегінде, авиация саласының дамуына ықпал етіп, беделін нығайтады.
2-санатқа ең төменгі қауіпсіздік стандарттарын сақтай алмаған елдер кіреді. Бұл мемлекеттердің әуе компаниялары Америка Құрама Штаттарына рейс аша алмайды. 1-санаттағы тасымалдаушылардан ұшақ пен экипаж жалға алуы керек. Сарапшының айтуынша, елдің осы екінші санатта қалуына қажетті заңдар мен нормативтік актілердің болмауы, техникалық білім мен қадағалаудағы ресурстардың жетіспеуі, білікті мамандардың болмауы, авиакомпанияны сертификаттау үшін құжаттаманың жеткіліксіздігі себеп.
Абыл Кекілбаев FAA-ның алдын ала бағалауы сәтте өтсе, Қазақстан 1-санаттағы елдер қатарына кіруі мүмкін деп тұжырымдайды. Алайда «анықталған сәйкессіздіктер» Қазақстанның 2-санатта қалуына ықпал етуі мүмкін. Бұл өз кезегінде елдегі әуе компаниялардың Америка Құрама Штаттарына ұшу мүмкіндігін шектейді. Осы ертте сарапшы елдің авиация билігін сараптама қорытындысын ашық жариялауға шақырады.
«Көлік комитеті аудитті «сәтті өтті» деп, халықты жаңылыстыруды тоқтатуы керек. Тексеру нәтижесін жариялап, авиакомпания мен әуежай мамандарының қатысуымен анықталған кемшіліктерді жою үшін жұмыс тобын құру қажет. Авиация әкімшілігі мен Азаматтық авиация комитеті бұл мәселелерді әзірге өз бетінше шеше алмай отыр. Көлік министрлігіне таңдау жасайтын кез келді: не бәрі реттелгендей кейіп таныту, не АҚШ-қа тікелей рейс ашуға нақты шаралар қабылдауы тиіс», – дейді Кекілбаев.
Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсін ашу мәселесі 2020 жылдан бері көтеріліп келеді. 2021 жылдың қарашасында ҚР ИИДМ баспасөз қызметі Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейсін ашу 2025 жылға қарай жоспарланғанын хабарлады. Тікелей әуе рейсінің ашылуы ұзақ қашықтыққа ұшатын B-787 Dreamliner ұшағын сатып алумен байланысты болған. Бірақ ұшақ сатып алу пандемияға байланысты 2025 жылға кейінге шегерілген.
2022 жылы сол кездегі ИИДМ министрі Қайырбек Өскенбаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей рейстерді іске қосу үшін FAA (IASA) халықаралық ұшу қауіпсіздігін бағалауға дайындық шеңберінде техникалық әлеуетті арттырып жатқанын айтқан еді.
Десе де Қазақстан АҚШ-қа тікелей рейсті 2025 жыл ашуға ниетті. 2203 жылдың мамырында Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Тимур Тілегеннің айтуынша, тікелей рейс ашу бағытында жұмыс жүріп жатқанын хабарлады.
Жақында Air Astana әуе компаниясы 2026 жылға қарай Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Компания 2025 жылға дейін Boeing ұшағына тапсырыс беріп қойған, тапсырыс уақытында келсе, Америкаға тікелей рейс те ертерек ашылатын болады. Бұл туралы Астана қаласында өткен Азаматтық авиация комитетінің дөңгелек үстелінде Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді.