Lifestyle

Нұрсұлтан Назарбаевтың қыздары Қазақстандағы ең ықпалды әйелдердің тізіміне енбеді

ең ықпалы әйелдер
Коллаж kursiv.media (Вадим Соловьёв, парламенттің баспасөз қызметі және shutterstock), бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қыздары Дариға Назарбаева мен Динара Құлыбаева Қазақстандағы ең ықпалды 25 әйелдің қатарына енген жоқ. Рейтингті алғаш рет Forbes Woman Kazakhstan ұсынған.

Жалпы тізімге ұзын-ырғасы 110 адам еніп, соның ішінде 42-сі іріктеліп алынған. Қысқа тізімге енгендерді сарапшылар бағалап, олардың арасынан ең ықпалды 25 әйелдің тізімі жасалған.

«Бұл рейтингтің көш басында Үміт Шаяхметованың (Halyk bank басшысы) тұрғаны ешкімді таңғалдыра қоймас», – деп жазады Forbes Woman Kazakhstan журналының бас директоры Зульфия Хайбуллина.

Рейтинг те қаржы секторынан Шаяхметовадан бөлек, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова (2-орын), «Отбасы банкінің» басшысы Ләззат Ибрагимова (5-орын), KASE Басқарма төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі Алина Алдамберген (11-орын) және т.б бар.

Рейтингке іскер әйелдер де енген. Мәселен, Lancaster Holding тең құрылтайшысы, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың жұбайы Гүлнәр Досаева 18-орында тұр.

Бұл тізімде Үкімет құрамындағы әйелдер де бар. 4-орыннан қазір Мәдениет және ақпарат министрлігін басқарып отырған Аида Балаеваны байқауға болады.

Дариға Назарбаева мен Динара Құлыбаева ықпалды әйелдер рейтингінде жоқ. Екеуі де еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, екеуі де Қазақстанның ең ауқатты адамдарының рейтингіне енген.

Дариға Назарбаева ең бай 75 бизнесменнің ішінде 15-ші орында тұр, оның байлығы 590 миллион долларға бағаланады. Ал Динара Құлыбаева күйеуі Тимур Құлыбаевпен бірге миллардерлер рейтингінде – екінші орында.