Жаңалықтар

1 шаршы метрі – 490 мың теңге: Қазақстаның қай өңірінде үй арзан?

Фото: kursiv.media

Тамыз айында Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағасы 0,3%-ға қымбаттаған. Ал бір жылда баға 2,7% өскен. Ел бойынша жаңа үйдегі 1 шаршы метрдің орташа құны – 490 мың теңге. Ұлттық статистика бюросының мәлметінше, тұрғын үй нарығында баға тұрақталып келеді.

Қазақстанда қайталама нарықта 1 шаршы метрдің бағасы жаңа үйлермен салыстырғанда қымбат: 510 мың теңге. Бір айда баға 0,2%-ға арзандағанымен, 2023 жылдың тамыз айымен салыстырғанда 5,9%-ға өскен. Жаңа үйлердің бағасы сәл арзан болғанымен, қазір жаңа құрылыстардың басым бөлігі қара сылақпен сатылады. Сатып алушылар жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек.

Пәтер жалдау бір айда 1,4%, ал былтырғы тамызбен салыстырғанда 4,2% өсіп, 1 шаршы метр 4,4 мың теңгені құрады.

Тұрғын үй бағасы әдеттегідей Астана мен Алматыда қымбат. Астанада жаңа үйлердегі 1 шаршы метрдің орташа бағасы 585 мың болса, қайталама нарықтағы баспананың 1 шаршы метрі 637 мың теңгеден сатылған. Ал Алматыда жаңа үйлерден 1 шаршы метрі 567 мың теңгеден сатып алуға болса, қайталама нарықтағы үйлердегі орташа баға – 593 теңге.

Ең арзан баға Түркістанда тіркелген. Бұл қалада жаңа үйлердің 1 шаршы метрі 350 мың теңгеден сатылса, қайталама нарық бағасы 322 мың теңгенің айналасында.

Halyk Finance сарапшысы Ақбөбек Ахмедярованың болжамы бойынша, алдағы жылдары тұрғын үй бағасы қымбаттайды. Мәселен, 2024 жылы 4,3%, 2025 жылы 5,8%, 2026 жылы 6,8%-ға дейін өсуі мүмкін.

Қайталама тұрғын үй бағасы 2024 жылдың соңына қарай жыл сайынғы 2,7%-ға артып, 2025 жылы 6,2%-ға дейін өседі. Жалға берілетін тұрғын үй бағасы 2024 жылғы 3,5%-дан 2025 жылы 5,2%-ға дейін жетуі ықтимал.