Жаңалықтар

Қырғызстан «Қамбар-Ата ГЭС-1» жобасының техникалық-экономикалық құжаттамасын жаңартуға Дүниежүзілік банктен 13,6 млн доллар алады

"Қамбар-Ата ГЭС-1"
«Қамбар-Ата ГЭС-1» жобасына бөлінген 13,6 млн доллардың 2,6 млн доллары – грант, 11,0 млн доллары – несие / Фото: shutterstock

Қырғызстан «Қамбар-Ата ГЭС-1» электр станциясы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін жаңарту үшін Дүниежүзілік банктен 13,6 млн доллар алады. Бұл туралы Қырғыз Республикасы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қамбар-Ата ГЭС-1 жобасын 13,6 миллион долларға қаржыландыру үшін несиелік және гранттық келісімдерге қол қою рәсімі өтті. Оның ішінде 2,6 млн доллары – грант, 11 млн доллары – несие», – деп жазылған хабарламада.

Халықаралық даму қауымдастығы (Дүниежүзілік банк) бөлген қаражат су электр стансасын салу үшін қажетті физикалық модельдеу, жерді зерттеу және қажетті зертханалық сынақтарды іске асыруға бағытталады.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы маусым айында Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан энергетика министрлігінің басшылары «Қамбар-Ата ГЭС-1» жобасы құрылысына дайындық туралы келісімге қол қойды.

Тараптар Қырғызстан заңнамасына сәйкес осы ел аумағында жеке акционерлік қоғам құрады. Ол Қырғызстанға – 34%, Қазақстанға және Өзбекстанға – 33%-дан тиесілі болады. Компанияның құрылтайшысы әр тарапты дербес анықтайды.

Жобаны қаржыландырудың негізгі көздері компания құрылтайшыларының жеке қаражаты. Сондай-ақ құрылтайшылар халықаралық қаржы институттары мен коммерциялық банктерден қарыз алуға құқылы. 

Дүниежүзілік банк Қырғызстандағы «Қамбар-Ата ГЭС-«1» құрылысына 500 миллион доллар бөлуге дайын. Бұл туралы 5 наурызда елдің энергетика министрі Таалайбек Ибраев мәлімдеген.