Миллиардер Илон Масктың байлығы 2027 жылға қарай триллион долларға жетуі мүмкін. Бұл жайлы Informa Connect Academy есебіне сілтеме жасай отырып, The Guardian басылымы жазды.
Informa Connect Academy есебіне сәйкес, Tesla электромобилінің, SpaceX жеке зымыран компаниясының және X әлеуметтік медиа платформасының басшысы Илон Маск 2027 жылға қарай әлемдегі алғашқы триллионер бола алады. Академия миллиардердің байлығының жыл сайын орташа есеппен 110%-ға өсіп отыратынын ескеріп, осындай тұжырымға келген. Ал Bloomberg-тің миллиардерлер индексі бойынша Маск 251 млрд доллар таза байлығымен әлемдегі ең бай адамдар қатарында тұр.
Сонымен бірге табысы артып, триллионға жететін екінші кәсіпкер – Гаутам Адани болмақ. Академияның талдауы бойынша үндістандық кәсіпкер триллионер мәртебесіне 2028 жылы жетуі мүмкін. Бұл бизнес-конгломераттың жыл сайынғы өсімі 123%-ды құрайды. Аталған мерзімде триллионға жету үшін Гаутам Адани бизнесін осы қарқынмен дамытуы керек.
2028 жылы триллионер деңгейін көтерілуі мүмкін тағы бірнеше кәсіпкер бар. Олар Nvidia технологиялық компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг пен индонезиялық энергетика және тау-кен магнаты Праджого Пангесту. Егер олар бизнесін дәл осы қарқынмен дамытатын болса, 2028 жылы триллионерге айналады. Ал табысы 200 млрд доллардан асатын LVMH иесі Бернард Арно бұл межеге 2030 жылы жетуі мүмкін. Meta компаниясының бас директоры Марк Цукерберг те триллионер мәртебесіне сол жылға қарай жетуі мүмкін деп болжанады.