Маңғыстау облысында мектеп тамағынан уланған балалардың жағдайы қалай – министр жауап берді
Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Маңғыстау облысында мектеп асханасында тамақтан уланған оқушылардың жай-күйі туралы айтты.
Министрдің мәліметінше, 460 оқушының ішінен 92-сі ауруханаға жатқызылған.
«Бүгінде олардың 17-сі үйіне жіберілді. Ал жансақтау бөліміне жатқызылған екі оқушы, денсаулық жағдайы тұрақталған соң, жалпы бөлімге ауыстырылды. Қалған балалардың жағдайы да жақсы. Ал 387 бала амбулаторлық бақылауда», – деді Әлназарова.
Министр бұл жағдайды қадағалау үшін өңірге Денсаулық сақтау вице-министрі жіберілгенін айтты. Одан бөлек инфекционистер мен эпидемиологтар да жұмылдырылған. Министрлік басшысы қазіргі уақытта балалардың денсаулығына қауіп төнбейтінін жеткізді.
«Оқушылардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Олар шетінен жазылып келеді. Жағдай тұрақталды», – деді министр.
Осы орайда журналистер Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан мектеп асханаларын қадағалау мәселесін сұрады.
«Неге бізде қадағалау, тексеру жұмыстары осындай шулы олқиғалардан кейін ғана басталады? Асханаларды алдын-ала тексеріп, уланудың алдын алуға болмады ма?», – деп сұрады журналист.
Министр мұндай орындарда тамақпен қамтамасыз етуге қатысты қойылатын талаптардың қатал екенін айтты. Жалпы балалардың тамақтануына қатысты талаптардың орындалуын мектептер қамтамасыз етуі қажет.
«Қазір әрбір білім ұйымында комиссия жұмыс істейді. Олар бұрын асханаларды айына бір рет тескеруге құқылы болған. Қазір күнде тексеріс жүргізе алады. Одан бөлек аймақтық мониторингілеу топтары да жұмыс істейді. Мен оларға барлық өңірдің мектеп асханаларында мониторинг жүргізуді тапсырдым. Біз талаптарды күшейттік. Мониторинг нәтижесі шыққан соң, міндетті түрде бұл жағдайға қатысы бар адамдар жауапқа тартылады», – деді министр.
Еске сала кетсек, 8 қыркүйек күні Маңғыстау облысының, Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте асхана тамағынан балалардың уланғаны туралы хабар тарады.
Артынша, премьер-министр Олжас Бектенов Маңғыстауда тамақтан уланған оқушылардың жағдайы қайталанбас үшін бір ай ішінде республикадағы барлық мектептің асханаларын тексеруді тапсырды.
Ал Маңғыстауда уланған оқушылардың ата-аналары мектеп тамағына балалардың бұрыннан көп шағымданатынын айтты.