Жоғары оқу орындарында колледж түлектеріне арналған гранттар саны артады. Бұл жайлы Үкімет сағатында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
Премьер-министр «Жас маман» жобасын іске асыру аясында 180 колледжді қайта жарақтандыру үшін республикалық бюджеттен 48 млрд теңге бөлінгенін, алайда қабылданып жатқан шаралар кадр даярлау сапасында айтарлықтай нәтиже бермегенін атап өтті.
Кәсіптік-техникалық білім беруді қайта жаңғырту бойынша жаңа тәсілдер қажет екені айтылды. Премьер-министр халықаралық салалық стандарттар мен сертификаттауды белсенді түрде енгізуге басымдық беру керек екеніне тоқталды.
«Ол үшін Оқу-ағарту министрлігі жұмыстың сапасына тәуелсіз бағалау жүргізуі керек. Сондай-ақ технологиялық көшбасшыларды айқындай отырып, колледждерді кәсіби бейімдеу мен саралауды аяқтауы қажет», – деді ол.
Бектенов сонымен бірге университеттер мен колледждердің білім беру бағдарламалары арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету маңыздылығына тоқталды. Яғни студенттер үшін колледжен кейін өз саласы бойынша білімін университеттерде жалғастыру мүмкіндігі кеңейтілуі керек. Осы орайда Үкімет басшысы колледж студенттеріне грантқа түсу тетіктерін кеңейту мәселесін де қозғады.
«Ғылым және Оқу-ағарту министрліктері ұқсас мамандықтар бойынша университеттерде оқуын жалғастырып жатқан колледж түлектеріне арналған гранттар санын ұлғайта отырып, мемлекеттік тапсырыс құрылымын қайта қарауға тиіс», – деп тапсырды Үкімет басшысы.
Сонымен бірге Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, «Атамекен» палатасымен бірлесіп, алдағы Жұмысшы мамандықтарының жылы шеңберінде Техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау бойынша кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.
«Біздің алдымызда жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамыту бойынша ауқымды жұмыс тұр. Бұл еліміздің бәсекеге қабілетті экономикасы мен дәйекті дамуын қамтамасыз ету үшін қажет», –деді.
Еске сала кетсек, жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев колледж түлектерін жұмыспен қамту деңгейі 79%-ға жеткенін айтқан болатын.